Қазақстанда отбасылардың әл-ауқаты қалай бағаланатыны туралы видео жарияланды

Қазақстанда отбасылардың әл-ауқаты қалай бағаланатыны туралы видео жарияланды
видеодан скриншот

Қазақстанда отбасылардың әл-ауқатын анықтау кезінде қандай көрсеткіштер ескерілетіні туралы түсіндірме бейнеролик жарияланды. Онда Отбасының цифрлық картасы арқылы отбасыларды А және Б санаттарына бөлу тәртібі түсіндірілген, деп хабарлайды ult.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, отбасының әл-ауқаты тек табысына қарап анықталмайды. Бағалау кезінде жылжымайтын мүлкі, көлігі, кәсібі, жер учаскелері және басқа да активтері ескеріледі.

А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Олардың әр мүшесіне шаққандағы табысы 7 күнкөріс минимумынан асады. Сонымен қатар жылжымайтын мүлкі, люкс санатындағы көлігі, бизнесі және басқа да активтері болуы мүмкін.

Ал Б санатына ауқатты отбасылар кіреді. Бұл санаттағылардың әр мүшесіне шаққандағы табысы 6–7 күнкөріс минимумы аралығында болады. Сондай-ақ олардың жайлы баспанасы, премиум санатындағы көлігі және кәсіпкерлік қызметі болуы мүмкін.

Министрлік бұл белгілердің біреуінің болуы отбасының автоматты түрде белгілі бір санатқа жатқызылатынын білдірмейтінін атап өтті.

Отбасының әл-ауқаты 50-ден астам өлшем бойынша бағаланады. Олардың қатарында табыс деңгейі, жұмыспен қамтылуы, мүлкі, несиелері мен әлеуметтік жағдайы бар. Отбасының өмірлік жағдайы өзгерсе, оның санаты да қайта қаралуы мүмкін.