15 қыр, 2017 сағат 15:32

Рахымжан Отарбаев. Көрген-баққан

Күнделік жазу күн сайынғы тірлігіңді көз алдыңнан өткізіп, естен шығып қалмау үшін қағазға түсіріп отыру ғана емес, ол сол сәтте сарқырап кеп қалған тасқын ойды жоғалтып алмай, күнделікті өмірде көрген-баққаныңа байланысты ішкі сезіміңді, тебіренісіңді, эмоцияңды жасырмай қағазға түсіріп, содан бір түйін жасап, ой түйе білу болса керек. Сарғайған қағаздағы жазулардың маңыздылығы осында... Әйтпесе «бардым-көрдім», «іштім-жедім» деп тізе бергеннің несі маңызды?

«Жас Алаш» газеті бұған дейін де талай мықтының күнделіктерін жариялаған. Бұл жолы да сол ескі дәстүрді жалғастырып, белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың қаншама жылдардан бері қағазға түсіріп отырған күнделіктерінен үзінді беруді қолға алып отыр. Қысқа да нұсқа жазылған осынау жолдар оқырманды бейжай қалдырмай, ғажап бір әлемге жетелейтіні анық. Ендеше, оқып көріңіз, ағайын!

Өмір бойы руханияттың ортасында келе жатырмын. Өнер ордаларына басшылық та жасадым. Өте қарама-қайшылықты мінездің адамдары. Адал, ақкөңіл, кінәмшіл, тұрақсыз, сатымпаз. Оларды ұстап отыру – пері ұстағанмен бірдей.

***
Облыс орталықтарын жиі аралаймын. Өйткені көп театрларда спектаклім ойналып жатыр. Барған кезде әдеби, мәдени ортамен де сұхбат құрамын. Талантты тұлғалар көп. Десе де, көбінің оң қолы сол қолынан ұзын. Таңғалдым, зерттедім. Жетпеген нәрсені басшылықтан сұрай-сұрай қол да ұзарып кетеді екен ғой...

***
Жас кезде арақты көп іштім. Мейірім қанғанша. Шеккен зиянымды санап тауыса алмаспын. Ал көрген пайдам екеу. Бірі – мас болып әкемнің қасына қонып шықтым. Құшақтап жаттым. Шал-кемпірдің баласы боп, әкемді аға тұтып, жанына жолай алмағанмын. Екіншісі – Алматыға кетерде аудандық партия комитетінің бір хатшысын кабинетіне кіріп тұрып, соншама балағаттадым. Талай жерде талабымды кесіп еді. Пайдам осы!

***
Ұлым Ермерейге аманат айттым. «Құлпытасыма сурет жасатсаң, жарты жүзімді сал» деп. Жартысы жоқ. Өйткені бұл өмір маған шын келбетімен қарамады. Мен де анық жүзімді көрсетпедім. Өкпе де, өкініш те жоқ. Шындығы сол!

***
Пәле-жәледен құтқар деп Иманғалиға (Тасмағамбетов) бір дауыспен жар салғым келеді. Жалғыз адам не тындырады, көп дауысты хор керек, хор!

***
Есіл жағасында ұзақты күн қыдырдым. Толқынды толқын желкелеп, өлтіріп жатты...

***
Ортада от лапылдап жанып жатыр. Оны айнала қоршап бірінші, екінші, үшінші қатарда отырғандар бар. Хош дейік. Тыныш отыру жоқ. Бәрі де отқа ұмтылуда. Бар ойлары көзге түсу, жылыну, аз-кем рахат кешу. Мәселен, екінші қатардағы алдында отырғанды отқа итеріп жіберіп, өзі алдына шығады. Оның да көкжелкесінде өзіндей өлермендер тұрғанын неғып білмейді? Күйіп өлуге құштар бұл неткен халық?!

***
Жылағым келген. Жас таба алмадым.

***
Сахнада сұлу қыз кобрамен өнер көрсетіп жүрді. Кобраны білегі мен беліне орайды, босатады. Ақ қайыңдай әдемі балтырымен жоғары өрмелейді. Көрермен мәз. Бір жас жігіт сахнаға көтеріліп, қыз алдына тізесін бүкті. Гүл ұсынды. Қыз қол соза бергенде кобра шап беріп жігіттің мойнына оратылды. Шиыршық атып қарысып қалған. Жіберер емес. Қылғындырып өлтірді. Бұл не, қызғаныш па?

***
Қазақ қолы мен қытай шеріктері соғысып жатады. Қазақтар жеңіліп Бетпақдалаға қашады. Жау әскері соңдарына түседі. Қуа-қуа шөлден қаталайды. Азық-түліктен тарығады. Ат-көлігі тұралайды. Сол сәтті баққан бір батыр: «Күткенім осы, енді бұларды қырып салайық», – деп көтеріледі. Сонда бір естияр азамат: «Жоқ, бұларды өлтірмейік. Қайта ас-су беріп әлдендіріп, елдеріне қайтарайық. Әйтпесе бұлардың кегін қуып бұдан да көп әскер келеді. Сонда бәрінен де айырылып қалуымыз мүмкін», – деп басу айтқан. Тоқтам осы болады.
Еліне аман-есен жеткен қытайлар: «Соғысамыз деп барып, қонақ боп қайттық. Қазақ деген дархан да дастарханды халық екен. Біздікі ұят болды», – деседі. Осымен соғыс тоқтайды.
Үйіне бейсауыт кіріп кеткен жыланның басына да ақ құйып шығаратын біздің шалдар, шынында да, мәрт қой. 

***
Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.

***
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім... Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Казан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың. Таңғалу аз, табыну қажет!

***

Өткен ғасырдың 80-жылдары-тын. Алматы – Атырау (Гурьев) поезымен жолсапарға шыққанмын. Купеде тығыншықтай қызыл бет шал отырды. Уақыт мол, жол ұзақ. Әңгімеге шақырдым. Әрі-беріден соң кешегі Ұлы Отан соғысына ойыстық.
– Соғысқа қатысқан шығарсыз? Қай жерден аяқтадыңыз? – деймін.
– Біз броньмен қалғанбыз. Мал союға, – дейді шалым.
Тосын естілді. Қанды қырғында қасапшы боп мал сойып жүргені несі? Әрі қарай жетелей түстім.
– Саратов қаласы маңына жанұямызбен көшіріп апарды. Төрт жыл бойы сол жерде әскерге азық-түлік қамдап, мал сойдық. Тек біз емес, тағы да он шақты жігіт көмекшім болды. Етті майданға вагон-вагонымен жөнелтіп жаттық.
– Еңбегіңіз зор екен.
– Айтары бар ма...
– Малды қайдан әкелді?
– Көбіне Қазақстаннан.
– Қиналған шығарсыздар? Үнемі мал сою оңай ма?
– Жоға. Сиыр мен қойдың бас-сирағы, өкпе-бауыр, ішегі өзімізге қалатын. Ертеңді-кеш қызыл қуырдақ. Бөгіп жүреміз.
– Сөйтіп, соғыс та аяқталды дейсіз.
– Иә. Тез біткеніне өкініп қалдық.
– Рас айтып отырсыз ба?
– Енді ше? Ондай тегін тамақты бізге кім береді?
– Ит екенсіз! – дедім даусым қоюланып.
Басқа сөз аузыма түспей, тұлыптай боп ісініп, купеден шығып кеттім.
Әй, бәсе, арам жеген төбет құсаған түрі жаман еді-ау.

***
– Жақсы да бір төмпешік, жаман да бір төмпешік. Несін айтасың, – деп базарда алма сатып тұрған бір әйел сампылдап жатты. Ойланып тұрып қалдым. Кейбір ақылды ағаларымның аузынан осы сөзді ести алмай қойғанмын.
***
«Полезный идиот» дегенді «пайдалы нақұрыс» деп аудардым. Бірақ нақұрыс адамнан қоғамға келер не пайда бар? Таба алмадым.
***
Қазақ пайдакүнем емес. Барынша мәрт, сахи. Бірақ қақалып қалса да, Құдайдан бірдеңе дәметеді. Қызық көрініс!
***
Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таңғаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз... Әуені – азғын, сөзі –сорақы. Аяқтары –жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон... Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!


***
Жоғары жақ портфель бөлісіп, төменгі жақ нан бөлісіп жатыр. Қашанға дейін?..

***
– Шүкір, біздің тұқымнан бақсы мен ақын шыққан жоқ, – деп бір көкеміз мақтанып тұрды.

***
Аз халықтың серкесі болғаннан, көп халықтың еркесі болған жақсы екен ғой.

***
Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.

***
Бір бақыт маған да келе жатқан шығар деп жол бойында ұзақ тостым. Жоламай қойды. Мені Батыраш пен Қотыраш деп ойлайды-ау деймін.

***
Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: « Жүріп жатырмыз, уақытша», – деп ем. Шошып кетті.
– Қалайша уақытша? – деп.
Оған не айтуға болады?

***
Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.

***
Абай атам «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп қырық жастан өте бере жазыпты. Нағыз қайраты тасқан кез ғой. Неге олай айтты деп көп ойландым. Ақыры өзінен жасы үлкен Ділда шешемізді алған соң көңілі қартайып қалған шығар деп шештім.
***
Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!

***
Махамбеттің басын шауып жібергенде жерге домалап, «Қап, қап, қап!» деп сөйлеп бара жатты деседі. Алқұлым шақта біздің аузымызға қандай сөз ілінер екен?

***
«Ақырын тіле» десетін бұрынғы шалдар. Аллекем алжытпай алса екен.
Молда дем салып, жанымызда медет тілеп жәудіреп отырған ұрпағымызға тірлікте жасаған кінә мен күнәмізді тізіп айтып, масқара болмасақ жарар...

***
Үш рет комаға түсіп, ес-түссіз жаттым. Алды сегіз, соңы екі күн. Аллекем әрі ойланып, бері ойланып мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты.

***
Теңіз де кірлейді. Айдын бетін шөп-шалам, сынған ағаш, өлген балық пен құс, төгілген мұнай қалдығы басады. Күндердің күнінде дауыл көтеріледі. Толқын біткен арыстан жалданып өкіріп-бақырып жағалауға ұмтылады. Әлгі кір-қоқыстың бәрін әкеліп адамдардың өзіне лақтырады. Тазарып барып тыным табады. Сосын бәз-баяғы қалпында жарқырайды да жатады.
Біздің қоғам да тап осындай тазаруды күтіп тұр.

***
Елбасы бір жас азаматты үлкен лауазымға тағайындайды. Үміт етеді. Көргені жоқ неме не тындырсын. Шатып-бұтып бәрін бүлдіреді. Сосын мына құйыршық баланы сен таптың ба, мен таптым ба деп ертегідегі кемпір-шал құсап таң-тамаша қалысады. Парадокс!

Жалғасы...