Фото: Arman-PV баспасөз қызметінен
Италияның Болонья қаласында өтіп жатқан халықаралық кітап көрмесі, Қазақстанның ұлттық стендпен алғаш қатысуы және Ұлттық кітап күні аясындағы «Мен ұсынған 7 кітап» бастамасы туралы Arman-PV баспасының бас директоры Дидара Алинамен әңгіме дүкен құрдық.Италияның Болонья қаласында 13–16 сәуір аралығында балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне арналған Bologna Children’s Book Fair 2026 халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Бұл алаңға Қазақстан биыл алғаш рет ұлттық стендпен қатысып отыр. Көрмеде қазақстандық баспалардың балаларға арналған үздік кітаптары таныстырылуда. Солардың қатарында Arman-PV баспасы да бар. Сонымен қатар Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Оқу-ағарту министрлігі «Мен ұсынған 7 кітап» челлендж-эстафетасын бастады. Осы орайда біз Arman-PV баспасының бас директоры Дидара Алинамен балалар әдебиеті, халықаралық кәсіби орта, оқу мәдениеті және бүгінгі баспаның міндеті туралы әңгімелескен едік.
– Дидара ханым, алдымен Болоньядағы бүгінгі көрменің Қазақстан үшін маңызына тоқталсақ. Бұл басқосудың ерекшелігі неде?
– Болоньядағы бұл көрменің салмағы өте үлкен. Бұл балалар әдебиеті мен балалар баспасына арналған әлемдегі ең беделді кәсіби алаңдардың бірі. Мұнда баспагерлер, авторлар, иллюстраторлар, әдеби агенттер, құқық менеджерлері, контент өндірушілер жиналады. Яғни бұл ортада кітап жай ғана таныстырылып қоймайды, балалар әдебиетінің болашағы, баспа ісіндегі өзгерістер, жаңа форматтар, серіктестік мүмкіндіктері талқыланады.
Қазақстан үшін бұл көрменің маңызы ерекше деп ойлаймын. Өйткені біз көп жағдайда өз ішіміздегі әдеби және білім беру кеңістігінде жұмыс істеп келдік. Ал мұндай халықаралық алаңға шығу арқылы біз өзіміздің де деңгейімізді, мүмкіндігімізді, әлеуетімізді кеңірек көрсетуге жол ашамыз. Ең бастысы, бұл – қазақстандық балалар кітабының халықаралық кәсіби ортаға шығуы.
– Биыл Қазақстан бұл көрмеге алғаш рет ұлттық стендпен қатысып отыр. Мұны қалай бағалайсыз?
– Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық стенд танстырылды. Бұл – елдің мәдениетін, балалар әдебиетін, көркем ойлауын, баспа мүмкіндігін халықаралық ортаға біртұтас түрде таныстыру деген сөз.
Биыл Қазақстан ұлттық стендпен алғаш рет қатысып отыр. Бұл жаңалықтың өзі көп нәрсені аңғартады. Өйткені халықаралық көрмеде елдің көрінуі оның мәдени саясатының, әдеби әлеуетінің, баспа саласының да даму деңгейін көрсетеді. Балалар кітабы арқылы кез келген халықтың рухани бейнесі, ұлттық дүниетанымы, тілдік кеңістігі көрінеді.
Номад мәдени орталығының басшысы Баян Қабылаш ұйымдастырып, Қазақстандық ұлттық стендке Arman-PV, Steppe & World Publishing, Мазмұндама, East, URPAQ BOOKS, Fluffyllama, Chapter One баспаларының басын біріктірді. Бұл енді отандық балалар әдебиетінің кең ауқымын көрсететін маңызды мүмкіндік. Себебі, балалар кітабын әлемге таныту – жай ғана баспа өнімін көрсету емес, ұлттық болмысты, мәдени кодты, тілдің мүмкіндігін таныту.
– Arman-PV үшін Болоньяға қатысудың мәні қандай?
– Arman-PV – ең алдымен білім беру бағытында жұмыс істейтін баспа. Біздің негізгі қызметіміз – оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер, оқу құралдары, электрондық және мультимедиялық білім беру өнімдерін әзірлеу. Сондықтан біз балалар аудиториясын, оқушының жас ерекшелігін, қабылдау деңгейін, мәтінмен жұмыс істеу машығын жақсы түсінетін ортадан келіп отырмыз.
Бірақ біз үшін кітап тек оқу материалы емес. Кітап – баланың ойлауына, тілінің қалыптасуына, дүниетанымының кеңеюіне әсер ететін үлкен құрал. Болоньяға бару арқылы біз қазіргі әлемдік баспа саласында не болып жатқанын көреміз, балалар кітабына қойылатын жаңа талаптарды байқаймыз, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін бағамдаймыз. Бұл біз үшін өте пайдалы тәжірибе.
– Сіз айтып отырған жаңа талаптар дегенде нені меңзейсіз? Қазір балалар кітабына қойылатын өлшем өзгерді ме?
– Әрине, өзгерді. Бұрын балалар кітабы көбіне мазмұн мен иллюстрация деңгейінде бағаланатын. Қазір оған қосымша бірнеше талап қалыптасты. Бүгінгі таңда кітаптың тек мәтіні емес, оның визуалды шешімі, безендірілу сапасы, жас ерекшелігіне сәйкестігі, цифрлық ортаға икемділігі, аудармаға бейімділігі, халықаралық құқықтық айналымға шығу әлеуеті де ескеріледі.
Биылғы Болонья бағдарламасының өзінде лицензиялау, экрандық бейімдеу, мультимедиа, комикс, аудиоконтент, жасанды интеллект секілді тақырыптардың қатар жүруі бекер емес. Бұл балалар кітабының бүгінгі әлемде кең мазмұнды индустрияға айналғанын көрсетеді.
– Көрме аясында «Мұраны бейнелеу: балалар кітаптарындағы ұлттық болмысты қайта тану» атты кәсіби кездесу өтті. Бұл тақырыптың өзектілігі неде?
– Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені балалар кітабындағы ұлттық болмыс суреттен, кейіпкердің бейнесінен, кеңістік шешімінен, түстен, композициядан, ұсақ мәдени детальдардан көрінеді. Баланың қабылдауы алдымен көзбен басталатынын ескерсек, иллюстрацияның рөлі ерекше.
Орталық Азия авторлары мен иллюстраторларының осындай кәсіби кездесуі біз үшін пайдалы. Себебі біздің өңірде ортақ тақырыптар да, ортақ тарихи жады да, мәдени ұқсастықтар да бар. Сонымен бірге әр халықтың өз болмысы, өз көркем тілі бар. Осындай кәсіби диалогтар сол ерекшелікті тереңірек тануға көмектеседі.
Балалар кітабында ұлттық болмыс жасанды түрде емес, табиғи әрі көркем түрде көрінуі керек. Бұл жерде иллюстратордың, редактордың, автордың, баспаның ортақ жауапкершілігі бар.
Баланың қолына тиетін кітаптың сапасы – ертеңгі ұрпақтың ойлау сапасына тікелей әсер ететін мәселе.
– Arman-PV негізінен оқулық шығарумен айналысады. Оқулық пен балалар әдебиетінің арасындағы байланысты қалай түсінесіз?
– Меніңше, бұл екеуін бір-бірінен бөлек қарауға болмайды. Баланың кітаппен алғашқы жүйелі қарым-қатынасы көбіне мектептен басталады. Ол күн сайын оқулықпен жұмыс істейді. Егер бала мектепте сауатты, түсінікті, сапалы, қызықты түрде әзірленген мәтінмен жұмыс істесе, оның кітапқа деген сенімі артады. Тілі дұрыс қалыптасады. Ойлау машығы дамиды. Бұл кейін көркем әдебиетке, танымдық кітаптарға деген қызығушылыққа да әсер етеді.
Сондықтан оқу әдебиеті мен балалар әдебиеті – бір-бірімен табиғи байланысты салалар. Оқулық оқу мәдениетін де қалыптастыруы тиіс.
– Қазақстанда 23 сәуір - Ұлттық кітап күні аясында Оқу ағарту министрлігі мен Білім мазмұнын сараптау орталығы бастамашы «Мен ұсынған 7 кітап» челленджі басталды. Бұл бастамаға көзқарасыңыз қандай?
– Бұл енді өте орынды бастама. Қоғамда кітап оқу мәдениеті жай сөзбен қалыптаспайды. Оған ортақ үн, жүйелі қолдау, нақты бастама қажет. Ұлттық кітап күні сондай қоғамдық серпін беретін маңызды күн болуы керек.
Ал «Мен ұсынған 7 кітап» челленджінің маған ұнайтын тұсы – оның қарапайым әрі әсерлі болуы. Әр адам өз оқырманына, айналасына, балаларға, жастарға ұсынатын жеті кітапты таңдайды. Бір жағынан жеке жауапкершілік, екінші жағынан қоғамдық үнқатысу.
Біз баспа ретінде тек кітап шығарып қана қоймай, оны оқырманға жеткізудің, насихаттаудың, кітап туралы мәдени орта қалыптастырудың да маңызын жақсы түсінеміз.
Бір жағынан, біз Болоньяда Қазақстанның балаларға арналған кітаптарын халықаралық кеңістікте таныстырып жатырмыз. Екінші жағынан, ел ішінде кітап оқу мәдениетін күшейтуге бағытталған бастамаға қатысып отырмыз. Бұл екі бағыттың арасында қайшылық жоқ. Керісінше, олар бірін-бірі толықтырады.
Бүгінгі баспа тек басып шығаратын мекеме болып қалмауы керек. Ол оқырманмен сөйлесетін, қоғамдағы оқу мәдениетіне араласатын, бағыт-бағдар ұсынатын белсенді орта болуы керек.
– Қазіргі балаларды кітапқа жақындату үшін ең алдымен не істеу керек?
– Ең алдымен кітапты міндет ретінде емес, табиғи қажеттілік ретінде ұсыну керек. Біз кейде баланы кітапқа бұйрықпен жақындатқымыз келеді. Бірақ кітапқа қызығушылық зорлықпен қалыптаспайды. Оған дұрыс орта керек.
Үйде кітап туралы әңгіме болуы керек. Ата-ана өзі кітапқа құрметпен қараса, бала да соны көреді. Мектепте кітап тек баға үшін емес, ойлану, пікір айту, сезіну үшін оқытылуы тиіс. Кітапхана тірі мәдени кеңістікке айналуы керек. Ал баспа оқырманға сапалы, тартымды, түсінікті әрі мәнді кітап ұсынуы қажет.
– Балалар кітабының сапасын анықтайтын негізгі өлшемдер қандай деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте мазмұн сапасы. Балаларға арналған кітап жеңіл оқылады екен деп үстірт болмауы керек. Қарапайым тілмен терең ой айта алуы қажет. Екінші – тіл сапасы. Бала кітап арқылы тіл үйренеді, сөздік қорын дамытады, сөйлем құрауды, ойды жеткізуді меңгереді. Үшіншісі көркемдік деңгей. Иллюстрация баланы кітапқа жетелейді.
Тағы бір маңызды мәселе – заманауилық. Бүгінгі бала мүлде басқа ақпараттық ортада өсіп жатыр. Сондықтан біз мазмұн сапасын сақтай отырып, ұсыну формасын жаңарта білуіміз керек.
– Болонья көрмесіне қарап отырып, Қазақстандағы баспа саласына қандай баға бересіз?
– Бізде әлеует бар деп сеніммен айта аламын. Жақсы авторларымыз бар, тәжірибелі педагогтер бар, редакторлар бар, жаңа буын иллюстраторлар өсіп келеді. Бірақ осы мүмкіндікті тұрақты түрде халықаралық кеңістікке шығару керек.
Бір рет қатысу маңызды, бірақ соны жалғастыру одан да маңызды. Қазақстандық баспалар халықаралық алаңдарда жиірек көрінуі тиіс. Өйткені әлем елді тек саяси не экономикалық көрсеткіштер арқылы ғана танып қоймайды. Мәдени өнімі арқылы да таниды.
– Соңғы сұрақ. Бүгінгі ата-анаға, мұғалімге, кітапханашыға қандай ой айтасыз?
– Баланың қолына түсетін кітапқа бейжай қарамау керек дер едім. Өйткені кітаптың бала санасына әсері өте күшті. Ол тіл қалыптастырады, ой дамытады, қиял оятады, мінезге ықпал етеді. Сондықтан дұрыс кітап таңдау – өте маңызды іс.
Біз балаларға кітапты күштеп емес, дұрыс ұсына білуіміз керек. Жақсы таңдалған кітап кейде баланың өміріне үлкен әсер етеді. Сол себепті отбасы, мектеп, кітапхана, баспа – бәрі бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Егер біз кітапты баланың өміріне қайтадан жақындата алсақ, онда ертең ойлайтын, оқитын, саралайтын ұрпақ қалыптасады.
ТҮЙІН
Болоньядағы халықаралық көрме қазақстандық балалар әдебиетінің әлемдік кәсіби кеңістікке шыға бастағанын көрсетсе, Ұлттық кітап күні аясындағы «Мен ұсынған 7 кітап» бастамасы ел ішіндегі оқу мәдениетін күшейтуге бағытталған. Осы екі үдерістің тоғысында Arman-PV секілді баспалардың рөлі айқын көрінеді. Балаларға сапалы кітап ұсыну, оқу әдебиетін дамыту, кітапты күнделікті мәдени қажеттілікке айналдыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
