«Өз көзіммен көріп отырған адаммын»: Бақыт Сәрсекбаев спорт саласы туралы

«Өз көзіммен көріп отырған адаммын»: Бақыт Сәрсекбаев спорт саласы туралы
Фото: әлеуметтік желі

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев еліміздегі спорт саласында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалып жатқанын айтып, мемлекет тарапынан ардагер спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазіргі уақытта Венгрияда жастар құрамасымен бірге жүрген даңқты боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында спорт саласындағы реформаларға қатысты пікірін жариялады.

Оның айтуынша, Президенттің спортты мәдениет саласынан бөліп, жеке министрлік құру туралы шешімі саланың дамуына тың серпін берген.

«Қазақстан спортының әр кезеңін көрген адам ретінде бүгінгі жағдайды бұрынғы кезеңмен салыстыруға толық құқығым бар. Спорт мәселелеріне ерекше назар аударылып, ұзақ жылдар бойы қордаланған түйткілдерді шешуге мүмкіндік туды», – деді Сәрсекбаев.

Олимпиада чемпионы тәуелсіздік жылдарында қазақстандық спортшылар көптеген жетістікке жеткенімен, кейбір Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері кейін назардан тыс қалып, қиын жағдайға тап болғанын атап өтті.

«Ел намысын қорғаған спортшылардың арасында шетелге кетуге мәжбүр болғандар да болды. Солардың бірі өзіммін. Бір кезеңде шетелден нәпақа іздеуге тура келді», – деп жазды ол.

Сәрсекбаев бүгінде спорттан шет қалған тәжірибелі мамандар мен бұрынғы спортшыларды қайтадан жүйеге тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және тұрақты жұмыспен қамтуға көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Сондай-ақ ол мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегіндегі пікірталастарға тоқталып, спортшыны қолдауға шақырды.

«Чемпион болған соң жанашыр да, сыншы да көбейеді. Барлығы өз орнына келеді», – деді Олимпиада чемпионы.