Фото: Жазушылар одағы
Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы ғимаратында дәстүрлі Әдеби жыл қорытындысы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Алқалы жиынды Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, қазақ әдебиетінің ұлт рухының айнасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жыл әдебиет үшін табысты болып, жаңа туындылар мен жарқын есімдерге толы болды.
Жиын барысында Одақтың 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы арнайы бейнематериал ұсынылып, әдеби бастамалар мен мәдени жобалар кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, Нұрдәулет Ақыш, Жүсіпбек Қорғасбек және Жанар Әбдішова түрлі жобалар мен ұйым жұмысы туралы баяндама жасады.
Күн тәртібінде әдебиет пен технология, тіл және оқырман мәдениеті тақырыптары да қамтылды. Атап айтқанда, Анар Фазылжан қазақ тілінің ұлттық корпусы туралы, Бекнұр Кисықов «Кітап елшілері» бастамасы жөнінде, ал Айнұр Ахметова әдебиетте жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.
Шара аясында халықаралық «Алаш» және «Ертөстік» әдеби сыйлықтары табысталып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған үздік шығармалардың авторлары марапатталды. Сондай-ақ бірқатар қаламгер Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды.
Жиын барысында проза, поэзия, драматургия, аударма, сатира, балалар әдебиеті және өзге де бағыттар бойынша арнайы баяндамалар жасалып, саланың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Әдеби жыл қорытындысы 10 сәуір күні жанрлық секциялар жұмысы аясында жалғасып, онда филиалдардың есебі мен алдағы жылға арналған жоспарлар қаралды.
