Фото: Gov.kz
Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысында өткен «Қызғалдақ мұра – 2026» халықаралық фестивалі аясында өңірге 40 мың қызғалдақ пиязшығын сыйға тартты, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс-шара Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Есейхан ауылы маңында ұйымдастырылды. Фестивальдің басты мақсаты – қызғалдақтың табиғи мұрасын сақтау, оқиғалық туризмді дамыту және елдің мәдени имиджін нығайту. Аталған шара Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған ресми күнтізбеге енгізілген.
Фестивальге 6 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында Нидерланд, Қытай Халық Республикасы және Моңғолия елдерінен келген инвесторлар мен туристер бар. Жалпы, шамамен 50 шетелдік қонақ жиналды.
Фестиваль аясында Нидерланд өкілдері табыстаған қызғалдақ пиязшықтары халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және өңірдің қызғалдақ туризмі орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.
Іс-шара жабайы қызғалдақтардың гүлдеу кезеңімен тұспа-тұс өтті. Қонақтар үшін гүлдеген алқаптарға арнайы көлік қатынасы ұйымдастырылып, табиғи ландшафттармен және өсімдіктердің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берілді.
Фестиваль бағдарламасына концерттік қойылымдар, «Қызғалдақтар патшасының тарихы» атты театрландырылған көрініс, филармония концерті, ұлттық спорт ойындары, «Қымызмұрындық» дәстүрі және қолөнершілер жәрмеңкесі енді. Сахнада Серік Ибрагимов, Тоқтар Серіков және Бейбіт Сейдуалиев өнер көрсетті.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында аумақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль табиғи қызғалдақ алқаптарын сақтауға, экологиялық және оқиғалық туризмді дамытуға, сондай-ақ халықаралық серіктестікті нығайтуға бағытталған.
