25 сәу, 2019 сағат 12:26

Олимпиада жүлдегері Василий Левит Азия чемпионатында нокаутпен жеңілді

Таиландта өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының жартылай финалында қазақстандық боксшы Василий Левит нокаутпен ұтылып қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Отандасымыз жартылай финалда Оңтүстік Корея боксшысы Ким Хьен Кюмен жұдырықтасқан болатын. Өкінішке қарай, қазақстандық боксшы бірінен соң бірі екі рет нокдаунға түскеннен кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Осылайша, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Левит Азия чемпионатының қола медалін қанағат тұтты.

Сондай-ақ 64 келіге дейінгі салмақта сынға түскен тағы бір жерлесіміз Санатәлі Төлтаев та жартылай финалда тәжікстандық Баходир Усмоновтан ұтылып, қола медаль еншіледі.

Айта кетейік, 49 келі салмақтағы боксшымыз Теміртас Жүсіпов жарақатына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартып, қола медальды місе тұтты. 

Осылайша, әзірге Қазақстан қоржынында Азия чемпионатының 3 қола медалі бар.