13 нау, 2021 сағат 14:03

Қазақтар жерді қауым болып пайдаланған – Төлеутай Рахымбеков

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Төлеутай Рахымбеков жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ азаматтарға, сондай-ақ шетелдік азаматтың кез келген қатысы бар заңды тұлғаларына жерді сату мен жалға беруді мүлдем қолдамайтынын мәлімдеді. Неліктен? Біріншіден, жер – ата-бабаларымыздан қалған аманат. Екіншіден, қазақтар ешқашан жерге жеке меншік құқығымен ие болған емес. Кейбіреулер Америка, Канада мен Еуропаны мысалға келтіріп, жерді жеке меншікке өткізуге ынталандырады. Бұл жерде тым болмағанда халықтың менталитетін ескеруіміз керек», - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Төлеутай Рахымбеков.

Оның айтуынша, ол мемлекеттерде нені болсын өзіне меншіктеп алу менталитеті бар, ал қазақ халқы үшін жер – ортақ құндылық. 

«Біз жерді қауым, ру болып пайдаландық. Ал қазіргі уақытта қазақстандықтың жерді 49 жылға жалға алу құқығы бар. 20 жасыңда жерді жалға алып, ауыл шаруашылығымен айналыссаң, 69 жасқа дейінгі уақыт жеткілікті болар? Егер ол жерде шаруашылығын өрбітіп, орынды пайдаланып жатса, жерді жалға алу уақытын заңды түрде ұзартуды қарастыру керек. Осыдан артық не керек? Сондай-ақ, жалға алған жердің тиімді пайдаланылғанын мемлекет қатаң бақылауда ұстауы тиіс», - дейді ол. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағаны туралы жазған болатынбыз.