«Берлин-Минск-Алматы» авиарейсі арқылы 13 наурызда ұшып келген 2018 жылғы кішкентай қыз баладан коронавирус инфекциясы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат.
«2020 жылдың 17 наурызы таңғы 09.00-дегі эпидемиологиялық жағдай бойынша Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 3 адам тіркелді. Бірінші науқас – "Берлин-Минск-Алматы" ұшағы арқылы 13 наурызда ұшып келген 2018 жылы туған қыз бала. Ол қазір Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Екінші науқас - 1966 жылы туған азамат, ол Мәскеуден бізге 10 наурыз күні ұшып келді. Алматыдағы көпсалалы медициналық орталыққа жатқызылды. Үшінші науқас - 1956 жылы туған азамат, ол да Мәскеу қаласынан 10 наурызда келген», - деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Оның айтуынша қазіргі уақытта Алматыда 11, Нұр-Сұлтанда 2 науқас тіркелді. Бүгінгі күнде елде коронавирус жұқтырудың 13 жағдайы расталды.
Сондай-ақ, Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланып, азаматтардың 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуына тыйым салынды.
16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Президенттің айтуынша, Қазақстанның халықаралық резерві 90 миллиард долларға жетті. Ал бұл қаражат экономикалық тұрақтылықтың негізі бола алады. Сол қаржы есебінен мемлекет өзінің әлеуметтік міндетерін атқара алады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қажет болған жағдайда, төтенше жағдай режимінің ұзартылуы мүмкін екенін айтты.