21 қаң, 2018 сағат 22:28

Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне жасалған шабуылдан Қазақстан азаматы қаза болды

Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіне жасалған шабуылдан 1978 жылы туған Қазақстан азаматы мерт болған. Бұл туралы Қазақстан Cыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов Facebook парақшасында хабарлады.

"Ауғанстаннан суыт хабар жетті. Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіне жасалған шабуылдан 1978 жылы туған Қазақстан азаматы қаза тапты. Жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан сыртқы істер министрлігі марқұмның денесін елге әкелу жағын ұйымдастырады" делінген хабарламада.

Кабул полициясының хабарлауынша, шабуылдан кем дегенде 18 адам мерт болған. Олардың арасында тоғыз Украина азаматы, бір Германия, бір Грекия азаматы да бар. Мерт болғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ауғанстан ішкі істер министрлігі 21 қаңтарда Кабулдағы Intercontinental қонақ үйіндегі әскери операция аяқталып, үш содырдың көзі жойылғанын хабарлаған. 12 сағаттық операция кезінде қонақ үйден 150 астам адам құтқарылған. Олардың қырыққа жуығы - шетелдіктер.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қаңтарда Кабулдағы ең ірі қонақ үйді бірнеше қарулы адам басып алғаны хабарланған. Ал "Талибан" ұйымы шабуылды бес адам ұйымдастырғанын айтты.