09 сәу, 2022 сағат 18:35

Головкин Муратаны нокаутпен жеңді - видео


Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) жапониялық Риота Муратаны (16-2, 13 КО) жеңді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу Жапонияның Сайтама қаласында өтті. Бокс кешінде Головкиннің орта салмақтағы IBF және IBO, Муратаның WBA Super белбеуі сарапқа салынды.

Жекпе-жек шын мәнінде тартысты өтіп, Геннадий Риотаны 9-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жапон боксшысы нокдаун алған кезде оның бұрышы рингке орамал тастады.  

Осылайша, кеше ғана 40 жасқа толған Головкин өзінің мықтылығын танытып, кәсіпқой карьерасында 42-жеңісіне қол жеткізіп отыр. 

Кеш соңында отандасымыз жапониялық қарсыласына қатысты ойын айтты.

«Бұл жолғы қарсыласым - Олимпиада чемпионы әрі WBA тұжырымы бойынша супер чемпион. Ол - нағыз күрескер. Бүгін соны рингте дәлелді. Жапония жерінде осындай үлкен спорт оқиғасы өткеніне қуаныштымын. Өз елдеріміздің жарқын өкілдері ретінде жақсы шоу көрсете алдық деп ойлаймын», - деді GGG.

Сондай-ақ, ол жекпе-жекке келген қазақстандық жанкүйерлерге алғыс білдірді.

"Маған жанкүйер болған барлығыңызға алғыс айтқым келеді. Әсіресе, Қазақстаннан келген жанкүйерлер. Рахмет, сіздерге, жігіттер! Алға, Қазақстан", - деді Головкин сөз соңында.


Айта кетейік, Головкин кейінгі жекпе-жегін 2020 жылдың желтоқсанында АҚШ-та поляк Камил Шереметаға қарсы өткізіп, оны нокаутқа түсірген еді. Сол кезде 21-рет әлем чемпионы атанып, рекорд орнатқаннан кейін рингке шықпаған. Ал Мурата болса рингке 2019 жылдың желтоқсанынан бері шығып отыр, сол кезде канадалық Стивен Батлерге қарсы кездесуде титулын сәтті қорғаған.

GGG Муратаның белбеуін жеңіп алып, суперчемпион атанды. Қазақстандық боксшы осымен 42-ші жекпе-жегін өткізді. Соның ішінде 37-сі нокаутпен аяқталды.

Головкиннің кепілдендірілген гонорары 5 миллион долларды құрайды. Оған қоса, PPV-дан түсетін ақшаның 70 процентін алады. Осылайша, барлық гонорардың көлемі, шамамен, 12-15 млн доллар болады. Ал Мурата 500 мың доллар + PPV-дің 30 проценті. Оның гонорары 1,5 миллиона долларға дейін барады.

Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы – мексикалық Сауль Альварес. Бірақ Канело алдымен 7 мамырда өтетін бокс кешінде Дмитрий Биволды жеңуі керек. Жақында Головкин мен Альварес үшінші жекпе-жекті өткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бокс кеші 17 қыркүйекте екінші орта салмақта ұйымдастырылады. Лас-Вегас бұл шоуды өткізуге фавориттердің қатарында, бірақ басқа аймақтар да өтінім берді.