ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпованың мәлімдемесіне ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отандық спортшыға қолдау көрсету мақсатында Фируза Шәріпованың WBC чемпиондық белбеуінің иегері Ева Вальстреммен біріккен жекпе-жегін өткізу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдың мамыр айында 74,8 млн теңге көлемінде қаражат бөлді. Алайда ол осы жекпе-жекті өткізудің орнына Юлия Куценкомен өз титулын қорғау жекпе-жегін өткізген. Осылайша, аса маңызды бірлескен кездесуге бөлінген 74,8 млн теңге қаражат титулды қорғау жекпе-жегін ұйымдастыруға жұмсалған», - дейді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.
Еске сала кетсек, Фируза Шәріпова IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулынан және WBC Silver белбеуінен айырылғаны осыған дейін хабарланған болатын. Оған қатысты спортшы:
«Бұл - қалыпты жағдай, себебі бір жылдан бері қорғалған жоқ. Чемпион өз белбеуін қорғауы тиіс. Өткен жылдың соңында Ева Вальстреммен бірлескен айқас өткізуді жоспарладық. Ол - WBC тұжырымы бойынша чемпиондық титулдың иегері. Қаржыландыруға көмек сұрадық. Әкімдіктер мен Мәдениет және спорт министріне хат жолдадық. Өкінішке қарай, бізге қаражат табылмады», - деген еді.
Оның айтуынша, Е. Вальстрем үлкен көлемдегі гонорар сұраған.
«Мұның алдында WIBA титулын қорғадым, сондықтан мен осы нұсқадағы әлем чемпионымын. Мен белбеулерімді жоғалтқан жоқпын, келесі айқаста оны рингке алып шығамын. Мен осы нұсқадағы қазіргі әлем чемпионы мәртебесінен айырылдым. Бұл менің және командамның кінәсі емес - мен одан айқаста жеңілгендіктен айырылмадым. Қазақстанда бізді ешкім қолдаған жоқ», - деп атап өтті ол.