20 қаң, 2021 сағат 21:20

Джо Байден АҚШ Президенті лауазымына кірісті

АҚШ президенті болып сайланған Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис 20 қаңтардағы инаугурацияда ант қабылдап, қызметке кірісті.

9 қарашадағы сайлауда Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын, Дональд Трамп 270 дауысын алған. Кейін Трамп сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, сотқа шағым түсірген. Дегенмен сот оның 50 арызын қанағаттандырмай тастады.

Байден мен Харрис Вашингтондағы Капитолий сарайының алдында өткен салтанатты жиында ант берді. 78 жастағы Джо Байден – АҚШ тарихындағы мемлекет басшысы қызметіне келген ең қарт адам. Ал Камала Харрис – АҚШ вице-президенті қызметіне кіріскен алғашқы әйел.

Бұл жолы президенттің ұлықтау рәсімі коронавирус пандемиясына байланысты әдеттегіден қарапайым өтті. Капитолийден бастап Ұлттық саябақ бойымен тізіле тұратын жүз мыңдаған адамның орнына АҚШ штаттары мен аумақтарының 200 мыңнан астам Туы ілініп тұрды.

Капитолийге инаугурация рәсіміне келмес бұрын Джо Байден жары Джиллмен және Камала Харрис күйеуі Даг Эмхоффпен бірге Әулие апостол Матфей соборында дұға оқу шарасына қатысты. Бұл шара басталар алдында президент лауазымын босатып жатқан Дональд Трамп Ақ үйден шығып, тікұшақпен Флоридаға ұшып кетті. Трамп соңғы 150 жылда өзінің ізбасарының ұлықтау рәсіміне қатысудан бас тартқан АҚШ-тың алғашқы басшысы болып отыр.

Есесіне билікті тапсыру рәсіміне вице-президент Майк Пенс, оның жұбайы - Карен Пенс және Конгрестегі Республикалық партия атынан сайланған өкілдер, сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы президенттерінен рәсімге кіші Джордж Буш, Билл Клинтон және Барак Обама және олардың жұбайлары - Лора Буш, Хиллари Клинтон, Мишель Обама қатысты.

Америка Құрама Штаттарының 46-президенті Джо Байден екінші дүниежүзілік соғыс кезінде орта таптан шыққан католик әулетінде дүниеге келген. Ант беру рәсіміне ол өз әулетінде 1893 жылдан бері сақталып келген "Библияны" алып келген. Бұған дейін ол сенатор және вице-президент қызметтеріне кіріскенде де осы діни кітапты ұстап ант берген.

Салтанатты рәсімде АҚШ-тың мемлекеттік әнұранын әнші Леди Гага орындады.

Капитолий ғимараты 6 қаңтарда Дональд Трамп жақтастарының шабуылына ұшырағандықтан, инаугурация қарсаңында Вашингтонда қауіпсіздік барынша күшейтілді. Конгресс ғимаратының айналасы тікенек темірлі шарбақпен қоршалды. Қала басшылығы Вашингтон орталығындағы метро стансалар мен жолдарды жапты. Тәртіпті қадағалауға мыңдаған полицей мен Ұлттық гвардияның 25 мың сарбазы жұмылдырылды. Қалада төтенше жағдай енгізілген.

Шарадан кейін Байден мен Харрис Арлингтон ұлттық зиратындағы Белгісіз солдат бейітіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысатыны айтылуда. Бұдан әрі Байден президент ретінде бірқатар жарлық пен қаулыға қол қоюды жоспарлаған. Оның командасының мәліметінше, мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ықпалдастықты қайта жандандыру, Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылу, бірнеше мұсылман елінен АҚШ-қа келуге тыйым салған Трамп тапсырмасының күшін жою, АҚШ-та нәсілдік тең құқықты қамтамасыз ету бойынша ел үкіметінің жұмысын жандандыру, бала кезінде Америкаға заңсыз келген азаматтардың құқығын қорғауды күшейту турасында болып отыр. Сонымен қатар, Байден ел халқын азаматтық патриоттыққа шақырып, коронавирус пандемиясы кезінде маска тағуға үндеуді жоспарлауда.