Бокстан әлем чемпионы Аслан Мұқановқа кісі өлтірді деген айып тағылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кісі өлімі 11 шілде облыс орталығына жақын жердегі «Алтын дала» ауылында болған. Полицияның кезекші бөліміне бір әйел хабарласып, жұбайының өлі денесін тапқанын айтқан.
Жедел іс шаралары барысында қылмыстық істің бетін аштық. Күдікті Заречный ауылына қарай қашпақ болды. Әріптесіммен бірге сол маңайдағы «Садовод» шаруа қожалығында жүргенбіз. Бізге шаруа қожалығының күзетшісі хабарласып, күдікті туралы ақпарат берді. «Арлан» арнайы жасағының көмегімен күдіктіні қолға түсірдік. Оның спортшы екені анықталды, - деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Рақышев.
Күдіктінің бокстан 61 келіге дейінгі NBA жүйесі бойынша әлем чемпионы Аслан Мұқанов екені белгілі болды.
31 жастағы қостанайлық спортшы кәсіпқой рингте 6 кездесу өткізді.