Алматыда ішкі істер министрлігі академиясында курсанттың денесі табылды. Бұл туралы 22 желтоқсанда "Уральская неделя" басылымы жазды. Оқиғаға байланысты "суицидке итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Марқұмның анасы басылымға "оқу орнына қажет заттарды сатып алу үшін ата-аналар мен студенттер арасында ақша жинау қалыпты құбылыс" екенін жеткізген. Ол ұлының кейінгі кезде жиі ақша сұрап кеткенін айтқан.
"13 желтоқсанда Алматыдағы ІІМ академиясы асханасының қосалқы бөлмесінен 19 жастағы Саламат Өтегенов дарға асылған күйі табылды. Оның мойнын арқаннан босатқан кезде тірі болған, бірақ жедел жәрдем бригадасы құтқара алмады. Ол Алматы уақыты бойынша 16:52 шамасында қайтыс болды" деп жазды басылым.
Студенттің анасы Бекзат Иманғалиева біреулер ұлын өзіне қол жұмсауға итермелеген немесе өлтіріп кеткен деп санайды. Оның сөзіне қарағанда оқу басталғаннан кейін ата-аналар арасында ақша жинау басталған. Бірде ата-аналардың WhatsApp-тағы чатына әрбір ата-ана 50 мыңнан беруі тиіс деген хабарлама түскен.
"Біз сол кезде не үшін 50 мың жинауға тиіспіз деп таңғалғанбыз. Оқуға аттанар кезде Саламатқа қажет барлық заттарды сатып әпердік, шын мәнінде камуфляж, аяқ киім, форманы мемлекетке қарайтын академияның өзі қамтамасыз етуі тиіс еді. Одан кейін бізден тағы 50 мың теңге сұрады. Бір қызығы, бұған біз ғана таңғалдық. Қалған курсанттардың ата-анасы мұны қалыпты нәрсе деп қабылдады. Кейінірек бұл ақшаның казармаға кір жуғыш машина, үтік, тұрмыстық техника сатып алу үшін жиналғаны белгілі болды" дейді Иманғалиева.
Оның айтуынша, қараша айында ұлы "қар жинайтын күрек пен өзге нәрселер сатып алу үшін" ата-анасынан ақша сұраған. Басылым WhatsApp-тағы чаттардан скриншот салған.
Академия әкімшілігі 22 желтоқсанда басылымға хат жолдап, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бап, 1-бөлігі ("Өзіне қол жұмсауға итермелеу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған. Бірақ "қызметтік тексеріс кезінде курсанттар мен академия қызметкерлерінің заңсыз әрекеті анықталмады" деген. Академия "ақша жинау" туралы ақпаратқа жауап бермеген.