28 қар, 2024 сағат 11:32

"Асыл Армандағы" бала өлімінен кейін тұрғындар көшеге шықты

Фото: Akmaty.tv

Алматының Іргелі ауылында бала мектеп автобусының астына түсіп, қаза тапқаннан кейін тұрғындар наразылықтарын жеткізу үшін көшеге шықты. Айтуынша, билік өкілдері мектеп салып береміз деп он жылдан бері әлі уәде беріп келеді. Қазіргі таңда балалар көрші ауылдарда оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Orda.kz.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 27 қараша күні «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің аумағындағы тұрақта болған. Мектеп оқушыларын тасымалдап жүрген шағын автобус сегіз жастағы баланы қағып кеткен. Бала оқиға орнында көз жұмған.

Қайтыс болған бала көпбалалы отбасының тұңғыш еді, алдағы күндері тоғыз жасқа толуы керек болған.

Бұл трагедия тұрғындардың шыдамын тауысқан соңғы тамшы болды. Олар қайғылы оқиға орнына жиналып, өз наразылықтарын білдірді.

«Балалар автобусқа үлгеру үшін асығады. Бір автобуста 50-ге жуық оқушы тасымалданады. Бұл тұрғын үй кешенінде 20 мың адам тұрады. Он жылдан бері мектеп салуды сұрап келеміз, бірақ тек уәдемен тойдырады. Бұл — билік өкілдерінің үлкен жауапсыздығы. Балаларымыз көрші ауылға барып оқуға мәжбүр. Бүгінгі қайғылы оқиға үшін кім жауап береді? Билік уәдесін орындауы керек. Халықтың талабын елемеу — қылмыс!» — дейді ашынған тұрғындар.


Қарасай ауданы әкімдігі мектеп құрылысы бірнеше жыл бұрын басталғанын, алайда қаржыландыру мәселесіне байланысты тоқтап қалғанын мәлімдеді.

Қайтыс болған бала Лев Толстой атындағы мектепте оқыған. Оқушыларды тасымалдаумен «Дәулетханов» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Тек «Асыл Арман» кешенінің өзінен күн сайын 400-ге жуық оқушы тасымалданады.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Микроавтобус жүргізушісі қамауға алынды.

Айта кетейік, «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі мәселелер жиі көтеріліп келеді. Биыл наурызда тұрғындар жылу мен ыстық судың жоқтығына байланысты жолды жауып тастаған болатын. Мамыр айында олар жаңа көпқабатты үйдің құрылыс жұмыстарына қарсы шыққан еді. Тұрғындар инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелгенін айтып, шағымданған.

Әлеуметтік нысандардың жоқтығы туралы тұрғындар ұзақ уақыттан бері айтып келеді. Ауыл халқы өсіп жатқанымен, мектеп пен балабақша әлі күнге дейін салынбаған.