Фото: Bluescreen.kz
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің қоғамдағы бейнесі мен беделі туралы пікір білдіріп, қазіргі заман талабымен қатар, ұстаздықтың жауапкершілігі мен қадірін ұмытпау керегін Adal Adam YouTube арнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, TikTok, Instagram, Netflix сынды заманауи платформалардың әсерін ескере отырып, мұғалім мен мектеп директорларының да өз бейнесін сақтауы міндет.
«Балаларға жақын болу өте маңызды. Өзім де қазіргі уақытта ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Біз оқушы кезімізде мұғалімдерге ерекше құрметпен қарап, тапжылмай тыңдайтынбыз. Сондықтан мұғалімнің бейнесі, имиджі мен беделі – өте маңызды. Рилс – рилс, жұмысты көрсету керек, оқушылармен байланыс та маңызды. Бірақ анекдот айтып, тренд қуып жүрген мұғалімнің әрекеті сұрақ туғызады. Әр нәрсенің өз реті бар», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бойынша Білім министрлігі нақты ұстаным қалыптастыруы тиіс деп есептейді. Оның айтуынша, мұғалімнің беделін түсірмей, керісінше арттыру қоғамның да, жүйенің де ортақ міндетіне айналуы қажет.