Қазақстанда көпбалалы аналар мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартып жатыр

Қазақстанда көпбалалы аналар мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартып жатыр
Қазақстанда бала тууға байланысты төленетін жәрдемақы нақтыланды

Қазақстандық көпбалалы аналар мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Олар мұндай қадамға отбасыларының қазіргі материалдық жағдайы мемлекеттік көмексіз күн көруге мүмкіндік беретінін айтып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға көбірек мүмкіндік бергісі келетінін түсіндірген, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Ермекова Әсемгүл мен Ахметқанова Зағипаның Instagram желісіндегі жазбаларында айтылған.

Әсемгүл көпбалалы отбасы ретінде республикалық бюджеттен жәрдемақы алып келгенін жазған. Алайда әлеуметтік қолдау жүйесінде отбасының нақты әл-ауқатын ескеретін атаулы тәсіл енгізіліп жатқандықтан, төлемнен өз еркімен бас тартуды ұйғарған.

Оның пікірінше, мемлекеттік көмек бірінші кезекте оған шын мәнінде мұқтаж отбасыларға берілуі керек.

«Мен үшін бұл шығын емес, адал және әділ әрекет ету мүмкіндігі», – деп жазған ол.

Ал Зағипа Ахметқанова да көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақысынан бас тартуға шешім қабылдағанын айтқан. Оның сөзінше, кейбір отбасылар үшін бұл қаражаттың маңызы зор. Әсіресе, ата-анасы уақытша жұмыссыз қалған, кішкентай балалары бар немесе ем-домға, тамақ пен киімге көп қаражат жұмсайтын отбасыларға мемлекеттік көмек аса қажет.

Сонымен бірге ол жәрдемақы алатын отбасыларды айыптамайтынын атап өткен. Егер отбасы қаржылай қолдауға мұқтаж болса, заңда көзделген көмекті алуға құқылы екенін жеткізген.

«Егер менің отбасым қазір өз жағдайын өзі қамтамасыз ете алса, бұл көмектен бас тартуды жөн көремін», – деп жазған Зағипа Ахметқанова.

Екі әйел де бұл шешімді өз еркімен қабылдағанын айтып, мемлекеттік қолдауды шын мұқтаж жандарға бағыттауды әлеуметтік жауапкершілік деп санайтынын жеткізген.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайтын отбасының цифрлық картасын әзірледі.