Отбасының цифрлық картасы: қазақстандықтар бес санатқа бөлінеді

Отбасының цифрлық картасы: қазақстандықтар бес санатқа бөлінеді
ашық дереккөз

Қазақстандағы Отбасының цифрлық картасында 6,2 млн отбасын құрайтын 20,6 млн азамат туралы мәлімет бар. Жүйе отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалап, мемлекеттік қолдау шараларын алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ult.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды.

Отбасылардың жағдайы 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша бағаланады. Оларға мыналар жатады:

  • қаржылық жағдайы;
  • мүлкі мен активтері;
  • тұрғын үй жағдайы;
  • жеңіл автокөлігі мен коммерциялық көлігінің болуы;
  • жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
  • жұмыспен қамтылуы;
  • несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
  • кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.

Бағалау нәтижесінде әр отбасы бес санаттың біріне жатқызылады:

  • А санаты – әл-ауқаты жоғары;
  • В санаты – әл-ауқаты ауқатты;
  • С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық;
  • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал;
  • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

Министрлік мәліметінше, отбасының санаты тек табысына қарап анықталмайды. Мәселен, А санатына жатқызу кезінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы ескеріледі. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан көп соманы құрайды.

Сонымен қатар отбасының тұрғын үйі, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, бизнесі мен қымбат көліктерінің болуы да бағаланады.

Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер ай сайын жаңартылады. Егер отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса немесе отбасы мүшелерінің саны өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.

Егер азамат отбасының құрамы немесе әл-ауқат санаты қате анықталған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тиісті аумақтық департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Мамандар мәліметтерді тексеріп, қателердің себебін анықтайды. Бастапқы дереккөздегі қате түзетілгеннен кейін ақпарат картада автоматты түрде жаңартылады. Бұл үшін қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Министрлік Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарды дер кезінде анықтап, мемлекеттік қолдауды әр отбасының нақты жағдайына қарай көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.