Көкшетауда жоғалып кеткен төрт жасар Аланның денесі құрылыс алаңындағы суға толы шұңқырдан табылды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға бейсенбі күні болған. Сол күні баланың анасы жұмысқа алғаш рет шыққан. Баланы қарайтын адам болмағандықтан, ол ұлын өзімен бірге алып барған. Шамамен сағат 17:00-де бала ғимараттан байқатпай шығып кетіп, жоғалып кеткен.
Анасы ғимараттың ішін түгел қарап шыққаннан кейін көмек сұраған. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылды. Бейнебақылау камералары баланың көшеге шығып, көршілес құрылыс алаңына қарай кеткенін көрсеткен.
Еріктілердің айтуынша, құрылыс аумағының көп бөлігі бетонмен жабылған. Қараңғы түскен кезде суға толған септик шұңқыры жай ғана шалшық сияқты көрінген. Іздеу барысында еріктілердің бірі шұңқырға құлап кете жаздаған.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бала ашық тұрған құдықтан табылған. Алдын ала деректер бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еріктілер Аланның отбасын жақсы танитынын және жалғызбасты анаға бұған дейін де материалдық көмек көрсетілгенін айтады. Баланы жерлеуге қажетті қаражат жинау үшін белсенділер қайырымдылық шарасын ұйымдастырған. Қала тұрғындары қажетті соманы бірнеше сағат ішінде жинап берген.