Жылқышыға қатысты дау: бұрынғы жұмыс беруші сұхбат берді

Жылқышыға қатысты дау: бұрынғы жұмыс беруші сұхбат берді
Коллаж: ult.kz

Ақтөбе облысында қызу талқыға түскен жылқышы Рахат Сәрсеновке қатысты дауға оның бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуов пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Елеуовтің сөзінше, әлеуметтік желіде және кейбір ақпарат құралдарында тараған мәліметтердің арасында шындыққа жанаспайтын деректер бар. Ол Рахат Сәрсеновтің бірнеше баласы бар екенін және ұзақ жылдар бойы шаруашылығында еңбек еткенін айтып, жылқышының «құлдықта болды» деген сөзімен келіспейтінін жеткізді.

Бұрынғы жұмыс беруші Сәрсеновтің кейде жұмысына ішімдік ішіп келгенін және ұзақ уақытқа жоғалып кететін жағдайлар болғанын да айтты. Оның мәлімдеуінше, жылқышы инсульт алып, ауруханада жатқан кезінде басқа жылқышыға қоңырау шалып, өзіне тиесілі жылқылардың бір бөлігін айдап әкетуді тапсырған.

Елеуовтің айтуынша, осыдан кейін барлығы 39 жылқы айдалып кеткен. Оның 13-і полиция тарапынан етке сойылып жатқан жерінен табылған. Осы іске қатысы бар адамдар жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар Елеуов Рахат Сәрсеновтің отбасына бірнеше рет көмектескенін, оның балаларының тойларын өткізуге қолдау көрсеткенін атап өтті.

Бұған қоса, ол жылқышының «14 бастан 1700 басқа дейін жылқы өсірдім» деген мәлімдемесін де жоққа шығарды. Елеуовтің сөзінше, Сәрсенов бірнеше табынның ішіндегі шамамен 360 жылқыға жауапты болған.

Ол 2019 жылы жоғалған 60 бас жылқы мен кейін жоғалған тағы 40 жылқыға қатысты мәселелердің әлі де шешілмегенін айтты.

Тәжіғали Елеуов журналист Руслан Өтепбай жариялаған материалдарға да тоқталды. Оның пікірінше, шаруашылықтағы өзге жұмысшылардан алынған сұхбаттар толық жарияланбай, оқиға біржақты көрсетілген.