Қазақ әзіл-оспақ өнерінің көрнекті өкілі, танымал актер Жүсіп Ақшораға «Халықтың сүйікті әртісі» атты арнайы медаль табысталды, деп хабарлайды ult.kz.
Айта кетейік, бұл марапат мемлекеттік награда мәртебесіне ие емес. Арнайы медаль «Intelligentno Qu» жобасы аясында жас әзілкештер мен қазақтілді контент авторларының бастамасымен әзірленген.
Ұйымдастырушылар актердің отандық юмор мен сахна өнерінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оған халық атынан арнайы медаль мен куәлік табыстады. Сондай-ақ қазақы дәстүрге сай өнер иесінің иығына ақ шапан жапты.
Өз кезегінде Жүсіп Ақшора жас әріптестерінің құрметіне ризашылығын білдірді. Актер өнердегі сабақтастықтың, аға буынға құрмет көрсетудің және кейінгі ұрпаққа жол сілтеудің маңызын атап өтті.
Жүсіп Ақшора көрерменге «Шаншар» әзіл-оспақ театры арқылы кеңінен танылған. Ол сахнада түрлі кейіпкерлерді сомдап, өзіндік әзіл мәнерімен қазақ юморының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты.