Зумерлер ЖИ-мен сырласып, оны досы ретінде қабылдай бастаған: зерттеу

Зумерлер ЖИ-мен сырласып, оны досы ретінде қабылдай бастаған: зерттеу
arqaaqshamy.kz

Жасанды интеллект жастардың күнделікті өміріне ғана емес, олардың қарым-қатынасына да еніп келеді. «Касперский зертханасының» зерттеуіне сәйкес, әлемдегі 18-28 жастағы зумерлердің 27%-ы ЖИ-мен дос ретінде сөйлеседі, деп хабарлайды ult.kz.

Зерттеу нәтижесіне қарағанда, сауалнамаға қатысқан зумерлердің 47%-ы жасанды интеллектті күн сайын немесе күн сайын дерлік қолданады. Олардың 56%-ы ЖИ-ді ақпарат іздеу үшін, 49%-ы оқу мақсатында, 47%-ы жаңа идеялар қалыптастыру үшін, ал 39%-ы жұмыс барысында пайдаланады.

Алайда жастардың бір бөлігі нейрожелілерді тек жұмыс немесе оқу құралы ретінде емес, эмоционалдық қолдау көрсететін әңгімелесуші ретінде де қабылдай бастаған.

Мәселен, зумерлердің 27%-ы ЖИ-мен дос ретінде сөйлесетінін айтқан. Ал 28%-ы басқа адамдармен бөліскісі келмейтін жеке мәселелерін жасанды интеллектпен талқылайды.

Бұл көрсеткіш басқа буындармен салыстырғанда жоғары. Миллениалдардың 22%-ы, X буынының 17%-ы, ал бэби-бумерлердің 11%-ы ЖИ-ді дос ретінде қабылдайды.

ЖИ-ге сезім пайда бола ма?

Жасанды интеллектпен эмоционалдық байланыс орнату туралы әңгіме соңғы уақытта жиілей түсті. Бұған Жапонияда болған ерекше оқиға мысал бола алады.

2025 жылы 32 жастағы жапондық Юрина Ногучи ChatGPT көмегімен өзі жасаған виртуалды кейіпкерге ғашық болып, онымен символикалық түрде үйлену тойын өткізген. Әйел виртуалды серігінің атын Клаус деп қойған. Үйлену рәсімі кезінде оның бейнесі смартфон экраны мен AR-көзілдірік арқылы көрсетілген.

Скриншот: Reuters / YouTube

Бұл неке заңды күшке ие емес. Дегенмен оқиға адамдар мен жасанды интеллект арасындағы эмоционалдық байланыстың қаншалықты тереңдеуі мүмкін екенін көрсетті.

Мамандардың айтуынша, мұндай қарым-қатынасқа қызығушылықтың артуы технологияның адамның күнделікті өміріндегі рөлінің өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Дегенмен ЖИ-ге толық сенуге болмайды

«Касперский зертханасының» зерттеуінде жастардың жасанды интеллектті белсенді қолданғанымен, қауіпсіздік шараларын үнемі сақтай бермейтіні де анықталған.

Зумерлердің тек 42%-ы ЖИ сервистерін пайдаланғанда ақпаратты басқа сенімді дереккөздер арқылы тексеріп, құпия мәліметтерін жарияламауға тырысады. 52%-ы қауіпсіздік шараларын тек кейде қолданады. Ал 6%-ы мұндай сақтыққа мүлде мән бермейді.

«Касперский зертханасының» машиналық оқыту технологияларын зерттеу тобының жетекшісі Владислав Тушкановтың айтуынша, жастар ЖИ-ді басқа буындарға қарағанда белсендірек қолданады. Бірақ барлық пайдаланушы жасанды интеллектке толық сенуге болмайтынын түсінуі керек.

Оның сөзінше, тіпті ірі сервистердің өзінде деректердің таралып кетуіне әкелуі мүмкін осалдықтар болуы ықтимал. Сондықтан ЖИ берген ақпаратты тексеріп, жеке мәліметтерді енгізуде абай болған жөн.

Зерттеушілер ЖИ сервистеріне құжаттар, хат-хабарлар, құпиясөздер, төлем деректері және денсаулыққа қатысты мәліметтер сияқты құпия ақпараттарды жүктемеуге кеңес береді. Сондай-ақ жаңа нейрожеліні пайдаланбас бұрын оның қандай деректерді жинайтынын және бұл ақпараттың қалай сақталатынын анықтау қажет.

ЖИ берген жауаптарды, әсіресе білім, қаржы, құқық және медицина салаларында, сенімді дереккөздер арқылы қайта тексерген дұрыс.

Айта кетейік, «Цифрлық өмір: трендтер, тәуекелдер, мүмкіндіктер» сауалнамасын «Касперский зертханасының» ішкі зерттеу орталығы 2026 жылғы наурызда жүргізген. Зерттеуге 18 елден 7200 адам қатысқан. Олардың қатарында 18-28 жастағы зумерлер, 29-44 жастағы миллениалдар, 45-60 жастағы X буыны және 61 жастан асқан бэби-бумерлер бар.