«Балаңыз дуаланған»: алаяқтар ата-аналарды қорқытып, ақша талап етіп жүр

«Балаңыз дуаланған»: алаяқтар ата-аналарды қорқытып, ақша талап етіп жүр
ашық дереккөз

Полиция интернетте өзін емші, көріпкел немесе балгер ретінде таныстырып, азаматтарды «балаңыз қатты дуаланған» деп қорқытып, ақша талап ететін алаяқтар көбейгенін ескертті, деп хабарлайды ult.kz.

Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы адамдарға хабарласып, түрлі «белгілерді» сылтау етеді. Олар жағдайдың күрделі екенін айтып, «дуаны қайтаруды» немесе «ем жүргізуді» ұсынады.

Кейін «емге қажетті заттарды сатып алу», «ем жүргізу» немесе «дуаны қайтару» деген сылтаумен ақша аударуды талап етеді.

Полицияның айтуынша, алаяқтар азаматтардың қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланып отыр.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды интернеттегі бейтаныс адамдардың түрлі дерттен емдеу немесе «көз тиюден арылту» туралы уәделеріне сенбеуге шақырды.

Сондай-ақ таныс емес адамдардың есепшоттарына ақша аудармау, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеу қажет.

Полиция күмәнді жағдайға тап болған азаматтарға хат алмасу тарихын және ақша аударылғанын растайтын түбіртектерді сақтап қоюға кеңес береді.

Алаяқтықтың құрбаны болған немесе осындай жолмен ақша талап етілген жағдайда, 102 нөміріне хабарласу қажет.