Атырауда полицейді басымен төрт рет ұрған ер адам 3 жылға сотталды

Атырауда полицейді басымен төрт рет ұрған ер адам 3 жылға сотталды
ашық дереккөз

Атырау облысында уақытша ұстау изоляторындағы полиция қызметкеріне күш қолданған азамат 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, тексеру кезінде екі полиция қызметкері ер адамға тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтау үшін оның жеке заттарын тексермек болған. Алайда бұл әрекет оған ұнамай, арада жанжал туындаған.

Ер адам алдымен полицейлердің бірін екі қолымен кеудесінен итерген. Қызметкерлер оған қолкісен тағуға әрекет жасаған кезде қарсылық көрсетіп, сержантты басымен төрт рет ұрған.

Салдарынан полицейдің сол көзінің маңында көгеру және сол қолында жарақат пайда болған. Сараптама бұл жарақаттардың денсаулыққа қысқа мерзімді зиян келтірмегенін анықтаған.

Кейін сотталушы кінәсін толық мойындап, қолкісен тағуға әрекет жасалған кезде ашуланғанын айтқан. Ол полицейден кешірім сұрап, жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Жәбірленуші тараптың сотталушыға шағымы болмаған.

Алайда жанжал кезінде ер адамның бұрынғы соттылығының мерзімі әлі өтелмегені ескерілген.

Сот оны қоғамнан оқшаулау мекемесінің қызметкеріне күш қолданғаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.