Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
astanatv.kz

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Мөлшерлеме +/-1 пайыздық пункт дәлізімен белгіленді, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті мұндай шешімді елдегі инфляция қарқынының баяулауына және инфляциялық күтулердің төмендеуіне байланысты қабылдаған.

2026 жылғы тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеді. Дезинфляциялық процесс 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11,4%-ға, ал сервистік инфляция 8,9%-ға дейін баяулаған.

Айлық инфляция тамызда 0,6% болды. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.

Ұлттық банк мәліметінше, халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері де төмендеген. Шілдеде бұл көрсеткіш 12,1% болды, ал маусымда 13,4% болған еді. Бұл ретте нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына арналған инфляциялық болжамы 10% деңгейінде сақталды.

Ұлттық банк 2026 жылғы инфляция болжамын 9-11% деңгейінде қалдырды. Ал 2027 жылға арналған болжам 5,5-7,5%-дан 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Бұған сыртқы инфляцияның күшеюі, реттелетін бағалар бойынша болжамның қайта қаралуы және фискалдық ынталандырудың артуы себеп болған.

Сонымен қатар инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық бағытқа ауысқан. Негізгі тәуекелдер ішкі сұраныстың кеңеюі, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы, жанар-жағармай бағасы мен ТКШ тарифтерінің өзгеруімен байланысты.

Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсімі 4,5-5,5% деңгейінде болжанып отыр. 2027 жылы ЖІӨ өсімі шамамен 4,5%, ал 2028 жылы 4-5% болады деп күтіледі.

Ұлттық банк қазіргі инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда 2027 жылға қатысты проинфляциялық факторлардың күшеюіне байланысты мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.

Бұдан кейінгі шешімдер инфляция динамикасына, ішкі сұранысқа, инфляциялық күтулерге, реттелетін бағаларға, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандыру көлеміне қарай қабылданады.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.