Бүгінде әндері ел аузында жүрген өнер иелерінің барлығы бірдей танымалдыққа оңай қол жеткізбеген. Бірі күнкөріс үшін дәмханада ыдыс жуса, енді бірі базарда киім сатқан. Тіпті арасында мал бағып, ұстаздық еткендер де бар, деп хабарлайды ult.kz.
Айдана Меденова – ыдыс жуушы, даяшы
«КешYOU» тобы арқылы көпшілікке танылған Айдана Меденова студент кезінде түрлі жұмыс істеген. Болашақ әнші дәмханада ыдыс жуып, даяшы болып еңбек еткен. Сондай-ақ фотограф болып, табыс тапқан кездері де болған.

Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде өзге студенттерге ақыға сурет салып берген. Өнер иесі ата-анасының бала күнінен еңбекқорлыққа баулығанын айтқан.
Кейін «КешYOU» тобының құрамына қабылданып, үлкен сахнаға жолдама алды. Бүгінде Айдана жеке шығармашылығымен айналысып, қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырған.
Индира Расылхан – киім сатушы
Қазақ эстрадасының танымал әншісі Индира Расылхан да кезінде сауда-саттықпен айналысқан. Өнер иесі Түркияның Ыстанбұл қаласына барып, Қазақстанға киім әкеліп сатқан.
Әнші бұл туралы «Ел аузында» бағдарламасында айтып берген. Ол әр теңгенің қадірін жақсы білетінін де жеткізген.

Саудамен нәпақа тапқан өнер иесі кейін шығармашылық жолын жалғастырып, әндерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Досымжан Таңатаров – малшы, мұғалім, бейнеоператор
Досымжан Таңатаров бала күнінен еңбекке араласқан. Ауылда өскен болашақ әнші мектеп қабырғасында жүргенде мал баққан.
Студент атанған соң балабақшада балаларға домбыра үйретіп, кейін мектепте ұстаздық еткен. Мұнымен шектелмей, тойларда асаба болып, бейнеоператор қызметін де атқарған.
Өнер иесі тойларда ән айтып қана қоймай, келіннің бетін ашқан кездері де болғанын сұхбатында жеткізген.

Түрлі жұмыстың басын шалған Досымжан Таңатаров кейін қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің біріне айналды.
Роза Әлқожа – журналист
Әнші әрі сазгер Роза Әлқожа үлкен сахнаға шыққанға дейін журналистика саласында еңбек еткен. Мамандығы бойынша журналист болған өнер иесі газетте, радиода және телеарнада жұмыс істеген.
Кейін шығармашылыққа бет бұрып, тойларда ән айта бастаған. Өнер иесінің айтуынша, сол жылдары бір тойға 50 доллар алған. Тапқан табысының бір бөлігін жол ақысына жұмсаған.

Кезінде елдің жаңалығын жеткізген журналист кейін жүрекке жететін әндерімен халыққа танылды.