Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақмола облысында бір кеште үш өрт оқиғасы тіркелді

Ақмола облысында бір кеште үш өрт оқиғасы тіркелді
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Ақмола облысында бір кештің өзінде үш төтенше жағдай тіркелді. Есіл ауданында газ-ауа қоспасы жарылып, жүк көлігі өртенді. Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы монша кешенінде өрт шықты. Құтқарушылар барлық оқиғаны жедел ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ult.kz.

Есіл ауданында газ-ауа қоспасының жарылуынан контейнер ішінде өрт шыққан. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар қауіпті аймақтан алты газ баллонын алып шықты.

Ал Зеренді ауданына қарасты Азат ауылының маңында газ қондырғысымен жабдықталған жүк көлігі өртенді. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жеткенге дейін өртті «Ауыл құтқарушылары» жасағы мен элеватордың өртке қарсы қызметі сөндірген.

Сондай-ақ Көкшетау қаласында монша кешенінің шатыры өртенді. Өрттің аумағы 100 шаршы метрді құрады. Алдын ала мәлімет бойынша, тұтануға жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болуы мүмкін.

Үш оқиғаның барлығында зардап шеккендер жоқ.