Freedom Inside '26

Жүк пен көлік тасымалында алаяқтық көбейді: ІІМ азаматтарға ескерту жасады

Жүк пен көлік тасымалында алаяқтық көбейді: ІІМ азаматтарға ескерту жасады
ІІМ

Соңғы уақытта логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық деректері жиілеген, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz жазуынша, қаскөйлер көбіне «Della» және «Fa-Fa.kz» сервистеріндегі хабарландыруларды пайдаланады. Әдетте Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің өзге өңірлеріне жүк немесе автокөлік жеткізу туралы тапсырыстар жарияланып, кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp арқылы байланысқа шығады.

Олар тапсырыс берушілерге өзін жүргізуші немесе тасымалдауды ұйымдастырушы ретінде таныстырса, жүргізушілерге жүк иесі болып көрінеді. Екі тараптың да сеніміне кірген соң тасымалдау жөнінде келісім жасап, жолға шыққан көлік пен жүкті иемденеді. Кейін оларды басқа көлікке ауыстырып тиеп, өз мақсаттарына пайдаланады.

Осындай жағдайлардың бірі 7 маусым күні тіркелді. Алматы тұрғыны полицияға құны 60 миллион теңге болатын автокөлігінің ұрланғаны туралы арыз түсірген. Тергеу барысында белгісіз тұлғалардың алдау арқылы көлікті иемденгені анықталды. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері көлікті тауып, иесіне қайтарды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын және басқа да ықтимал қатысушыларды анықтауда.

ІІМ мұндай қылмыстардың алдын алу үшін азаматтарға жүргізушінің жеке басын және көлік құжаттарын мұқият тексеруге, тасымалдаушының байланыс нөмірін хабарландырудағы мәліметтермен салыстыруға, жеткізу бағытын алдын ала нақтылауға және интернеттегі пікірлермен танысуға кеңес береді.

Егер құжаттарда сәйкессіздік анықталса немесе күмәнді жағдайлар байқалса, тасымалдау қызметінен бас тартып, дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.

Полиция азаматтарды сақтық танытып, кез келген күмәнді әрекет туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.