TikTok-та «Золотая женщина» лақап атымен танылған 41 жастағы Ләйло Қасымова Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Оның ұлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Байзақ ауданының тұрғыны әлеуметтік желіде тікелей эфирге жиі шығып, балағат сөздер қолданған. Полицияның мәліметінше, осы әрекеті үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ескерту жасалғанына қарамастан, блогер бұл әрекетін жалғастыра берген. Сондай-ақ тікелей эфир кезінде кәмелетке толмаған балаларына да тіл тигізгені айтылды.
Осыдан кейін жедел жәрдем қызметкерлері Ләйло Қасымованы тексеріп, оны ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізген.
Полиция, қамқоршылық органдары және басқа да құзырлы қызмет өкілдері блогердің балаларының тұрмыс жағдайын тексерген. Қазір балалар әкесімен бірге тұрып жатыр.
Алайда балалары анасының жағдайына алаңдап отыр. Үлкен ұлы әлеуметтік желідегі жазбасында анасының тамақ ішпей, қатты арықтап кеткенін және оған көп дәрі беріліп жатқанын айтқан.
«Анам тамақ ішпей қойған, қатты азып кеткен. Оған көп дәрі беріп жатқан көрінеді. Біз анамыз үшін алаңдаймыз», – деді ол.
Ал бір видеода “Бауыржан аға шығаршы, мен енді TikTok түсірмеймін” деп отырғанын естуге болады.