Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі

Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі

Халқымыздың өткені хандарымыздың тарихымен тығыз байланысты. Ажырамайтын егіз ұғымға жатқызу артық емес. Өткенімізді зерделеген тұста ел тарихының, оны билеген хандарымыздың тағдырларының  анығынан күңгірт тұстары мол екеніне көзіміз жетіп келеді. Ол мақсатты түрде жүргізілген идеологиялық жұмыстың жемісі болғанын қазір түсіндік.

Білмеудің   салдарынан  өзіміздің өткенімізді даттап, ел билеген басшыларымызды мансұқ еттік. Сондай асылдарымыздың бірі - Жәңгір Бөкейұлы. Жәңгір ханды мақтаушылар бар, даттаушыларымыз олардан екі  есе көп. Еңбегіне сай тиісті бағасын ала алмай жүрген  Жәңгір ханымыз кім? Бұл сұраққа толыққанды жауап беруге өреміз жетпес. Бірақ қолдан келгенше  тамшыдай болсада үлесімізді қосуды парыз санадым.

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту үрдісіне сай қолымыздағы бар материалдарды пайдаланып, жұртшылыққа өз көзқарасымды жеткізуге тырыстым Пайдаланған деректер Тілекқабыл Боранғалиұлының «Жәңгір Хан» кітабынан және Республикалық мемлекеттік мұрағат, Астрахань облыстық мұрағатынан, Орал облысының мұрағаты, Бөкей ордасы мұражайынан алынды.

Жәңгір ханға баға беру үшін ол кісіні адами тұрғыдан білуден бастамақпыз. Бөкей хан мұрагер болуға Тәуке, Әділ, Жәңгір, Меңдігерей атты ұлдарының арасынан өзінің таңдауын Атан әйелінен көрген Жәңгір баласына тұрақтаған.  Әке балаға сыншы дегендей, болашақ ел басқару қолынан келетін зерек, ізденімпаз, адамдармен арақатынаста өзін ұстай білетін, білімге ұмтылысы бар, халықтың бабын таба білетініне  сенім білдіріп, 10 жасар Жәңгірге үміт артуы тегін емес демекпіз. Әке үкілеген ұлының тәрбиесіне ерекше көңіл аударған. Әлемдік деңгейдегі білімге ие болу үшін тәрбие мен тәлім алып, жоғарғы мәдениетті қоғамда өзін еркін ұстап, мәртебелі дәрежеде болуы үшін қызмет жасады. 1811 жылы Астраханьның азаматтық губернаторы болып тағайындалған Степан Семенович Андреевский үйінде жатқызып тәрбие, тәлім алуға жіберген. Степан Семенович Андреевский 1760 жылы туған, адам дәрігері – оташы мамандығын игеріп полк дәрігерлігінен бастап Ресей медицина коллегиясының мүшесі, Петербург дәрігер-хирургтік академияның директоры. Грозно және Киев губернияларының губернаторының орынбасары қызметтерін атқарған. Іскер де қарапайым болған. Ханның мұрагерін шын ықыласымен қабылдап, оңды тәрбие берген.

Балалық кездегі көрген мәдениеттілік пен білімге құмарлық, күнделікті оқуды табиғи қажеттілігіне айналдыру бала Жәңгірдің бойында қалыптасып, оның өмірлік дағдысына айналды. Білімге құмарлық толас таппағанын  байқаймыз. Хандық дәреже кезінде почта тасымалын жолға қойып, Петербург пен Астраханьнан мерзімді басылымды үзбей алдырып оқыған. Олардың қатарында Ресей зиялы қауымының  пайдаланып оқитыны беделді  «Отечественные Записки», «Современник», «Северная пчела», «Журнал Министерства Народного Просвещения», «Посредник», «Земледельческая газета», «Сенатские ведомости» болды. Қазақ халқының тарихы, Парсылық , Тұрандық    елдердің өткені, оның озық ойлы адамдарының еңбегімен танысқан.  Ол жөніндегі кітаптар жеке кітапханасының байлығы саналған. Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін  дүние мүлкін хаттаған тізімде:

1. Шығыс тіліндегі кітаптар: 212 дана.

2. Орыс  тіліндегі кітаптар: Ұлы Петрдің 4 томдық тарихы, 15 томдық энциклопедиялық  лексикон 1842 жылы шыққан, 16 томдық Заңдар жинағы болғандығы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазан университетінде болғанда Шыңғыс шежіресін жазған ханның ұрпағы  Анапмұхаммед ханның ұғылы  Хорезімдік Әбілғазы Баһадұрдың  «Шежіре-и-тюрк» кітабын сыйға алған.

Өз кезегінде Қазан университетіне қазақ ұлтының тұңғыш тарихшысы Мырза Хайдар Дулатидың парсы тілінде жазылған моғол хандарының жылнамасы – «Тарихи -Рашиди» қолжазбасын табыстады. Хан арадағы байланысты үзбей оқу орнына 931 жылы жазылған  Хамза бек Әл-Қасанның араб тіліндегі халықтар шежіресін баян ететін «Тариху-л-умами» кітабын  Нефиздің парсы тілінде 1662 жылы жазылған  медициналық шығармасы  «Китаб табин-л-маакидті», алғашқы халифтер тарихы жөнінде Мұхамед пен Ахмедтің шығармасын, түрік тіліндегі «Китаб  натайдін Фунун» тарихи-философиялық пайымдарын сыйға берген. Бұндай үлкен ғылыми маңызы бар дүниелерді сыйлаған ханға университеттің ғылыми қауымының ұсынысымен халық ағарту министрі Жихангер Бөкеевті Императорлық Қазан университетінің құрметті мүшесі етіп сайлаған. Ол жөнінде 1844 жылдың шілдесінде 6282 санды бұйрық шыққан.

Біз ханымыздың хат алысып, жиі кездесіп үйлерінде болып салиқалы әңгімелесетін адамдарына жекелеп тоқталар болсақ, көптеген ғұламалармен тығыз байланыста болғанын байқаймыз. Олардың бірі жанұялық қатынаста болған Қазан университетінің ректоры Карл Федорович Фукус, ұлты- неміс. Дәрігер ретінде Ресейге келгеннен кейін халыққа шипалы ем жасаумен қатар ғылыммен  шұғылданып, империялық жоғарғы оқу орнының басшысына дейінгі баспалдаққа көтерілген. Жұбайы ақын жанды Александра Апехтина да елдің салт- дәстүрін зерделеген зиялы адам. Әр кезде бұл үйдің қадірлі қонағы ретінде, ынтымақты араласта болған.

Профессор Федор Эрдман Жәңгір ханмен қол үзбей араласып тұрған. Оның ғылым саласындағы еңбегіне бас иген адамдардың бірі.

Фукустан кейінгі ректор Николай Лобачевский математика ғылымымен қатар университет кітапханасының шығыс қорына көне кітаптар мен қолжазбаларды толтыруға Жәңгірдің көмегіне сүйенген. Хиуа, Бұқар, Самарқандағы ғылым жолына қажетті тарихи құндылығы бар деректер алуға құмартқан. Жәңгір хан да шығыстанушылар үшін аса құнды мұраларды жинақтап, Қазан  одан аса Санкт-Петербург кітапханаларына жеткізген.

Ол кісі Түрік-татар тілінің ординарлық профессоры, Санкт – Петербург ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Лондондағы Ұлыбритания және Ирландия корольдігі, азиялық қоғамының Копенгагендегі солтүстік антикваршылар қоғамының, басқа ғылыми қоғамдардың мүшесі, шығыстанушы Мирза Александр Қазымбекпен арада жылы қатынастары ғылыми ынтымақтастыққа ұласты. Ханның тапсырмасымен және қаржылай қолдауымен Қазымбектің шығарған Мұсылмандардың қысқаша заңтану кітабы «Мюхтессерюль – викает»  мұсылмандар мектебінде классикалық шығарма ретінде пайдаланған. «Мұқтасар» кітабы әлемдік маңызға ие мұсылмандық ілім ретінде қабылданған.

Жәңгір ханның тарихқа тереңдей үңіліп зерттеулер жүргізіп, ол саладағы құнды деректер жинағандығының бір көрінісі 1844 жылы 21 қарашада тарихшы барон Бюлер Жәңгірдің кітапханасынан қазақ тарихы жөнінде бір кеш бойы оқығанын жазған. «Вечер провел я в чтении разных печатных и рукописных сведений о киргизах » деп жазған (Т.Боранғалиұлы «Жәңгір хан » 153- бет.)

Жәңгірдің Қазан университетіне тапсырған «Тарихи-Рашиди» 224 беттік екі дәптерін  қолжазбасын Шоқан мен Вельяминов – Зернов ғылыми негізге пайдаланған.

Білімге құштар ғылыми еңбектермен шұғылданған  ханымызды қиянаттауға адамның аузы баруы, не жазуға қолы көтерілуі екіталай. Жәңгір хан мәдениеттілігі мен білімдарлығын әлемге аты шыққан ғұлама ғалымдармен кездескенде айқын байқатып отырған. Олармен білім саласында тең дәрежеде сөйлесіп, талайды таңдандырған.

Солардың бірі неміс ғалымы  Дерпт университетінің химия мен фармация ординарлық профессоры Карл Гебель мырза 1834 жылы сәуірде Ресейге саяхат жолында Нарын даласына келген. Ханның сән –салтанатына, терең білімі мен ғылымға деген құштарлығына тәнті болып еліне оралғаннан кейін «Ішкі қазақ ордасының ханы Жәңгір Бөкеевтің астанасына сапар » очеркін жазған. Оның бір тұсында Жәңгір ханның халқының арасында жоғарғы беделге ие екенін, ерекше ылтипатымен сыйлайтынын  қамтыған: Еділ -Жайық арасын екі ай аралап Азғыр өңіріне келгенде, тұрғындары жат адамға ат бергісі келмей теріс ыңғай көрсетеді. Ханда қонақ болып аттанарда «Жәңгір» деп аты жазылған қанжарды сыйлағанды, оны қиналған сәтте  «мен ханның досымын» деп көрсеткен. Оны көргендер сол сәтте оң қабақ танытып, қажетті мәселесін кідіртпей шешіп, қадірлігі қонағындай күтіп  құрмет жасаған. Осы сәтте де сол дағдымен қанжарды көрсеткенде, бөтен елдің адамы деп қырын қарап тұрғандар күрт өзгеріп құрақ ұшып қызмет жасаған.

Ондай сәттерді ханды жақсы білетіндер тарапынан айтылатын.

Ханмен көңілі жарасқан тарихшы, дипломат, заңгер барон Федор Бюлер Ордадағы жарасымды тірлікті тамашалай жүріп, хан өзіне арыз -өтінішпен келгендерді, не қаралай жүргіншілер мен дәйімшілікке келгендердін қайсысында алалмай дәм ұсынып қонақ етіп жіберу дәстүрлеріне айналғанын байқап естелігіне жазған. Хан қазасын естігенде қайғырып Жәңгір туралы:  « Преобразователь Внутренней Орды »  деп бірегей саясаткерден айырылғанға өкініш білдірген.

 Жәңгір хан қазақ тарихын жазушы ғалым Алексей Ираклиевич Левшинмен достық қатынаста болса, өзіміздің сүйіктімізге айналған Александр  Сергеевич Пушкинмен де кездесіп араларында  жолдастық қатынас орнаған.

Жақсыны көруге, оқымысты ғалымдармен араласуға ыңтызарлығы әсерінен атақты жиһанкез, табиғат тамыршысы Европа, Азия құрлықтарын географиялық межелеген  неміс ғалымы Александр фон Гумбольдпен кездесіп әңгімелесті. Оның сәтін келтірген досы Орыс армиясының полковнигі, 1812 жылы соғыста қалмақ полкін басқарып Парижге дейін барған, Хошеут қалмақ ордасының билеушісі Сербеджаб Туменов болатын.

Өз деңгейіне жетпеседе, халқының білімге ұмтылуын аңсаған және сол жолда қызмет жасағанына тарих куә Ханның:

– Бізде, қазаққа да бір нәрсеге ден қойып, білім алып, қараңғылық халден шығатын кез жетті. Бұл істің бастамасын мен мектеп ашу арқылы жүзеге асырғым келеді,- деп толқып сөйлегені көп жәйтті түсіндіреді.            

Қазақ жастарының арасында қоғамды жақсарту бағытында алға бастайтын  азаматтар тәрбиелеп шығаруға ұмтылды. Елдің мәдениетін арттырып, олардың арасында ағартушылық жұмыстың басында тұратын жігерлі жастарды даярлауды мақсат тұтқан. Өмірдің әр саласын игерген  білімдар мамандар даярлау қажеттігін түсінді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 1824 жылы Орынборда Неплюев училищесі ашылғанда, қабілетті жастарды іріктеп бірнешеуін оқуға жіберді. Алдыңғы буын балалардың бәрі де оқуға алғыр, тәрбиелі екеніне оқу орнының директоры Григорий Федорович Генс ризашылық білдіріп ханға хат жолдаған. Бастаманың сәттілігіне жігерленіп, бастаған істі үлкен ыждағаттылықпен жалғастыруды қолға алды. Кейіннен кадет корпусы болған оқу орнына және Орынбор, Астрахань, Қазан, Санкт-Петербург қалаларына білім алуға қазақ балаларын көптеп жіберуге ұмтылыс жасады.

Бұл орайда ханның алдында бірнеше кедергілер тұрды.

Біріншіден, қазақ жастарының жоғарғы білім алуына патша  чиновниктері           аса мүдделі     болмады. Ашық қарсылық жасамаса да түрлі сылтаулармен жолды бөгеуге қызметтенді.

Екіншіден, жергілікті қазақтар баласын «шоқынды» болып кетеді деп оқуға жібермеді.

Үшіншіден, балаларды орыс оқуына топтап жібергенде, бастауыш білімдік дайындығы жоқ жастар оқуды бірден игеріп кете алмай, біразы ауылға оралды.

Мәселені шешу жолында Жәңгір хан өзінің таныстығын пайдаланып, әр деңгейдегі басшылар арқылы патшаның қазақ балаларын оқытуға мархабатын алады. Бастамада әр оқу орнына аты – жөні көрсетіліп, жекелеген адамдарға рұқсат етілді. Кейіннен олардың санын белгілеп, жекелеп қабылдау хан билігіне берілді. Сөйтіп, семинария, гимназия, университет қабырғасында қазақ жастарына  білім алуға жол ашылды.

Балаларын оқуға жіберуге қарсы болған ата-аналармен жекелеп жұмыс жүргізілді. Бұл жұмысты өзінен бастады және ордаға жақын билеушілер мен  рубасы старшиналардың балаларына түсіндіру мен зорлау шарасын қатар жүргізді. Белгілі ғалым Мұхамбет-Салық Бабажановтың естелігінде:

«Әкемнің ұстаған бағытынан қайтпайтын табандылығы мен өзімнің білімге деген құштарлығымнан, анамның жылап еңіреп оқуға барыуымды үгіттегеніне қарамай оқуға аттандым»,- дегені  бар.

Жоғарғы білім беретін оқу орындарына баратын қазақ балаларын дайындап, бастауыш сауаттандыру  үшін мектеп ашу жұмысын қолға алды. Әр істе бастамашы болатын хан, мектеп үйінің құрылысын өз қаражатымен салдырды. Одан кейінгі жұмыстарды атқаруға қаржылық және шәкіртақы тарту мәселелерін шешуге халқына арнайы жолдауын жариялап, іс басындағы билеушілерді таныстырды. Алдағы уақытта ел билеу жұмысына білімі барлар ғана араласады дегенді баса айтып, әкім құмарлықты да қоздырды. Сан салалы жұмыс нәтижесін берді. 1841 жылдың 6 желтоқсанында мектеп ашылды. Ол тарихта «Жәңгір мектебі» аталды. Жәңгір хан бастаған білім жолы жалғасын тауып, кейіннен мектеп саны жыл өткен сайын өсіп отырды. Онда оқушы балалардың саны жүздеп саналатын дәрежеге жетті. Ішкі Бөкей Ордасындағы мектептер санының өсуі онда оқыған балалардың кейіннен қазақ елін өркендетуге өз үлестерін қосқан дәрежелері биік, ел сыйлаған, еліне қызмет жасаған азаматтары жөнінде бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз Жәңгір ханның қазақ халқының білімге ұмтылысының бастауында тұрғанын жеткізу.

Хан білім беруді қолға алумен қатар қазақтардың ұлттық болмысын сақтауда ерлікке     пара-пар еңбегін ерекше атауға тиістіміз.

Халықтың ұлттық болмысын анықтаушы діні, тілі, ділі болса оның ең шешуші тұсы діні.

Мұсылмандықты сөз жүзінде емес іспен уағыздап, оның шұбарланып түрлі ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін орданы басқару ісімен тығыз байланыстырады. Діннің хақ жолында таза насихаттауына өзі тікелей араласып отырды. Хан ордасында бас молла Ахон мәртебесі еңгізіліп, оған  сынақтан өткен терең білімді, қазақи ұстанымды адамды тағайындады. Ахонның ұсынысымен әрбір старшиналар мен руларда өзінің указымен моллалар тағайындалды. Олардың ұстанған масхабтан ауытқуына жол берілмеді. Жәңгір мектебінде мұсылман дінін оқытуға молданы өзі тағайындады, жат дін, жат пиғылға           жол берілмеді. Хан ордасында мұсылмандық мешіт салынды. Әрбір старшиндік орталығы мен елді мекендерде мешіттер салу қызу қолға алынды және дер кезінде іске берілді. Жәңгір тұсында  мешіт тұрғызылып, хан указымен молда тағайындалды.

Дін мәселесінің бұндай өткір қойылуының да себебі болатын.

Патшалық Ресейдің жымысқы саясатының бірі, Еділ-Жайық арасын қоныстануға келген қазақтарды христиан дініне кіргізіп, барлық халықты шоқындырып ұлттық болмысынан айыру болатын. Ол үшін қарқынды жұмыс жасады. Біріншісі, мұсылман дінінен христиан дініне өткен адамдарға ерекше жеңілдіктер беруге қаулы қабылдады. Олардың құйтыртқы саясатының көріністері мұсылман дініндегі қазақтардың арасында балаларын басқа діннің кісілеріне сату,  христиан дініне кіру жайлары  белең берді. Астрахань облыстық архивіндегі          «Дело о продажи киргизских Куйбасаровым дочери Джанбай грузину Д.Егорову (13 қор 1 тізім 16 том; 24873дело ). Немесе «Дело о присоединении к христианской религии» из киргиз мальчика Утека 20 июня 1825 года (1 қор, 13 тізім, 1 іс 40847 дело).  «Дело о причислении в мещанское общество киргизки Буратаевой» (1 қор,13 тізім 28 том , 40512іс ).

Бұндай сорақылыққа күшпен қарсылық жасауға орыс үкіметінің билікшілері жол бере ме?! Олар да насихат жұмыстарымен қатар түрлі жеңілдіктермен адамдарды қызықтыруға қызметтенді. Оның айқын белгісі:

Қырғыз уездерін басқару ережесінін жобасында  Христиандықты қабылдаған қазақтарға қаралған жеңілдіктер көрсетілген.

«Киргизам, принявшим христианство, дозволяется или оставаться вь своіхъ обществахъ, или прикочевывать къ русскимъ семьямъ, съ сохраненіемъ предоставленныхъ киргизамъ правъ”, немесе, “Принявшіе христианство киргизы, если пожелаютъ, могутъ приписываться къ городской сельскимъ обществамъ всехъ наименований не спрашивая на то предварительного согласія от наченныхъ обществъ».(Астрахань облысының мемлекеттік мұрағаты 495 қор, 1-тізім, 1 – іс).

Екіншіден, Жәңгір ханға мұсылман мешітімен қатар христиандардың құдайға құлшылық ететін шіркеу салу жөнінде, сұрау салынып, талап та қойылған. Орданың тұрғындарының арасында христиан дініндегі адамдардың  аздығын алға тартып, келімсектердің құдай алдындағы жалбарыну міндеттерін уақытша шіркеуге икемдеген жерлерде атқаруына болатындығын желеу етіп бұл мәселені аяқсыз қалдырып отырған.

Орыс империясының қоршауында тұрған шағын Ішкі Орданың тұрғындарының ұлттығын сақтап қалу үшін халықтың өз дінін уағыздап, құлағына құйып, санасына жеткізіп, имандылықтан шығармай қазақтылығынан қайтармай ұстауға жұмыстанды.

Нарындықтардың қазақ елінің бір аумағы болып сақталуы Жәңгір хан салған сара жолдың әсері екенін бүгінгі ұрпақ ұмытуға тиісті емес.

Орынбор генерал – губернаторы Василий Алексеевич Перовский Мемлекеттік мүлік  министрі П.Д.Киселевке: «политика Жангир хана по руководству внутренней Ордой и распространению мусульманской религий принесет только вред для России», – деп көрсеткен,

1844 жылы І Николай патшаға мемлекеттік мүлік Министрі  П.Д.Киселевтың ішкі Орда жөніндегі бір докладына « В царстве другого царства быть не может »,- деп қарарын жазған (История Букеевского ханства 1801 – 1852 г Алматы 2002 г).

Жәңгір ханның табиғатты қорғау Ішкі Орда жерінің құнарлылығын арттырудағы терек егу жұмыстары да ерекше бағалауға тұрады. Нарын құмындағы қарағай мен қайыңның сыңсыған орманы сөзіміздің айғағындай. Бұл орайда көз көркіміз болған, табиғат сәні, Жәңгір бастаған игі істің бізге жеткен сілемдері. Ханның еңбегін жоққа шығарушылар  туған жердің табиғатын көріктендіруге қандай үлес қосқанын айтып мақтана алар екен. Оның есесіне сол кезде өсірілген теректерді шауып, отқа жағып  сорайған тұқылынан басқа көзге ілінер ештеңе қалдырмаған. Табиғатты қалпына келтіруге белсенді жұмыстарды пысықтап дамыту бүгінгі қайраткерлер міндеті.

Ханның өз тұсында мал баққан халқының өсірген өнімдерін құнды бағаға өткізіп, хал-ахуалдарын арттыруға оң шешімдер алды. Жәңгір билікке келіп елдің мән -жәйін игергенге дейін Нарын даласын арба үстінен жылжымалы сауда жасап жүрген елді алдап өздерінің қалталарын толтырып жүрген саудагерлерге тиым салды.

Олар Ішкі Ресейдің қалаларынан фабрика өнімдері мен мануфактураларын, Хиуаның маталарын бірнеше есе бағаға көтеріп сатып жүрді. Айырбасқа қазақтардың малын, оның өнімдері жүн, терісін, ешкі түбітін, түйенің шудасы, жылқының жал құйрықтарын су тегін бағаға алып, халықты теспей сорды. Бұндай сорақылыққа жол бермес үшін хан ставкасы Жасқұстан жылына екі мерзімде 15 сәуір , 15  қыркүйек өтетін жәрмеңке ұйымдастырды. Халықтың керек- жарақтарын сататын тұрақты 45 лавкалар жұмыс жасады.

Сауда ісінен хабарсыз қыр қазақтарын алдап, малын арзанға алып, олардың керек заттарын қымбатқа беруіне жол бермей қадағалайтын базар басшысын тағайындады. Жәрмеңкенің әдейі ережесі бекітілді. Ондағы жағдайлардың бәрі жергілікті халықтың тілегін қанағаттандыруға негізделді. Олардың беделін көтеріп, әкелген өнімдерінің пұлды болуын қамтамасыз етуге бағытталды. Әр аймақтан жәрмеңкеге келетін керуеннің басшылары болып старшындер сайланды. Жәрменкеге келген шаруа қазақтың қаржысы жетпей, не онысы болмай үй- жәйіне керекті заттарын алуға қиналғанда, ханның кепілдігімен қарызға тауарлар берілді. Қарызгер кезінде бере алмаса оны хан өзі төлейді, яғни қарыз – борыштар үшін жауапкершілік алды. Жәрменкеге тауар өндірушілердің өздері келіп өткізуді қамтамасыз етуге шара алынды, бұрынғыдай арада жүретін татар саудагерлері ықшамдалды. Жәрменке ұйымдастыруда сауда мәдениетіне көп көңіл бөлінді. Өзі тағайындаған базар басшысының міндеттерін белгілеген хаттама нұсқаулар берілді. Басты назарда шетін оқиғаларға жол берілмеу, әдептен аспау, маскүнемдікті болдырмау, тәртіп бұзғандарға олардың намысына тимей, ар-ожданың түсірмей, әділ жазалау сынды қағидалар қатаң сақталды. Алынған шаралардың бәрі жергілікті халықтың, әрине, қыр қазағының пайдасына шешілетіндей қарастырылды.

Кеңестік насихат бойға сіңгендердің Жәңгір ханды жақтаудан, оны даттауы басым. Исатай, Махамбет көтерілісі Жәңгір ханның абыройын түсіретін қозғаушы күштей әсер етуде.

Бұл саладағы Жәңгір ханның орнын тарихи жайларға байланысты саралап қарасақ, күңгірт мәселелердің басы ашылады.

Исатай, Махамбет көтерілісінің тұтануына себепкер жер мәселесі, қазақта бітпейтін дау. Міне, келіспеушіліктің туындау себебі белгілі, соның қозғаушы күшіне үңілейікші.

Жайық өтіп Нарынға қоныстанушылардың шағын шаруасы болғандығын тарихи деректер анықтайды. Бұны тек бір ғана жарияланым арқылы таныссақ, 1825 жылы  Губернатор Эссеннің атына асессор  Кузнецовтың жазған  хабарламасында: «приход их с (казахов Букеевского ханства)  из-за Урала, по разведанным моим от достоверных и знающих людей сведениям, был настолько беден, что весьма немногие из ординцев пригнали не более 100 баранов . В 1809 году было взято на учет 946 кибиток, прошедших из-за Урала в район Нарынкума. При этом  у них было всего 434 верблюда, 1567 лошадей, 1124 голов рогатого скота и 15273 барана» , – деген. (Орынбор облыстық мұрағат 6-фонды, 10-тізім, 513-іс). Егер осы малды әр түтінге бөлсек әр үйге бір-екі сиырдан, 16 қой келеді. Екі үйге бір түйе, бес жылқыдан. Санақ жүргізілген ауылдардағы жанұялардың малы көбі де, малы жоғы да болатынын ескерсек, көшіп келушілердің мүшкіл тіршілігінің куәсі боламыз. Сол кездегі жазуларда әр үйде дұрыс құратын киіз үйдің жоқтығынан, сыртын лаждап жапқан күркешелерде өмір сүретіндері көрсетілген.

Ішкі Орданың 1828 жылғы шаруасына көз жүгіртер болсақ, нарындықтар малдарының бірнеше есе артқанын көреміз.

Астрахань Губерниясының естелік кітабында Ішкі Орда қазақтарының иелігінде малдың шарықтап көбейген тұсы 1828 жылдан басталады. Шамамен 24302 түтінде: 398792 ірі қара, 229179 жылқы, 58903 түйе 2 миллиондай қой-ешкі болған.

Бұны үйге бөлсек, әрқайсысына орта есеппен 3-ке тарта түйе, тоғыз жылқы,он төрт ірі қара, 80 қой- ешкіден келеді екен.

1832 жылғы тек Жасқұста өткізілген жәрмеңке кезінде  73 түйе, 356 жылқы, 3693 ірі қара, 68498 қой, 6676 қысыр мал сатылған. Бұл деректер жәрмеңке кезіндегі саудаға түскендер. Жыл бойында сауда саттық жасалып, халықтың қажеттілігіне жаратылатын малдардың есебі қатерге алынбағандағы жағдай.

Шағын малмен қоныстанған ел кең жайлауда ен жайлап орыс линиялық күзетінің аясында барымта ұры-қарақшылардан жырақта, орналасқан халықта мал да тез өсті. Ішкі Ордадағы малдың жалпы көлемі: ірі қара 7 есе, жылқы 4 есе, түйе 5 есе, қой-ешкі 5 есеге артқан. Жастар жетіліп шаңырақ көтеріп, енші алып жан басы да толықты. Нарынның бұрынғы жері тарлық көрсетті. Шындығында экстенсивті негізде дамыған үш миллионнан аса малды Ішкі Орданың иелігіндегі 6,5 миллион десятин жайылымға пайдалы жер, 192 мың десятина қу тақыр, 420 мың десятина құмды алқап, өз шамасынан артық малды өсіруге төтеп бере алмайтын. Осындай қысылтайаң жағдайда малын асырауға ұмтылған шаруалардың бітпейтін жер дауына ұшырамасқа жағдайлары жоқ еді.

Өзіміз жұмыс жасап, көрген кезеңді еске алсақ: Нарынның әскери зонадан босаған жерлеріне Орал және Гурьев облысының шаруашылықтары мал жайылымына бірде келісіп, кейде келіспей дауласа жүріп пайдаланды. Шаруашылықтар мен аудандардың арасындағы жер жөніндегі келіспеушілік қақтығысқа барылмасада бір-біріне әр түрлі артықшылықтар көрсету болып тұрды. Ушыққан жанжал туындап, оны реттеу үшін екі облыстың бірінші басшылары кездесіп келісімге келетін. Жерге, мал суаратын құдыққа талас қатар орналасқан ұжымдар, кейде көрші отырған бақташылар мен шопандар арасында болып тұратын. Бұл  мал мен мүліктің иесі де, қожасы да бір орын, бәрінің бағатыны үкіметтің малы, жер мемлекеттік, билікші бір партия тұсындағы жағдай. Барлық мәселені шешетін партия, оның басшысының айтқанына тоқтамайтын адам жоқ. Жұмыс беретін, шаруаны істетін де бір үкімет. Кім-кімде тереңге бара алмай, басшысының шешіміне бас ұрып тарасатын. Жәңгір билік жүргізген тұстағы жағдай өзгеше. Мал да, мүлік те, жеке адамдардың меншігінде. Олардың өмір сүруге табыстың көзі-иелігіндегі малы. Сондықтан, жетім лағының қас қабағына қарап аман сақтауға қызмет жасайды, шұрайлы жайылыс табуға тырысады. «Жаным арымның садақасы, малым-жанымның садақасы» деген қазақ, жанын сақтау үшін малын өсірген. Адамдар малын баққан, малы оларды асыраған. Өздерінің жанын сақтайтын малының жайлымдылық жері болмаса адамдардын  тұрмысы да кемиді.Көршілес отырған ауылдар, рулар сол үшінде бір қадам жерге таласып, бітіспейтін дауда жүреді. Хан билігіне жүгінген старшиндер, ру басшылары мәселені шешкенде әрқайсысы өзін жақтағанды қалайды. Дауласушылардың хан қолдағандары әділ шешім алынды деп тасып, өрге өрлеп масайраса, келесі жағындағылар хан әділетсіздік танытты деп іштен тынып, кек сақтап кетеді.  Үнемі қолдау алып, жылы қабақпен қарсы алынып, меселі қайтпай айтқаны орындалып жүрген кісілердің тауы шағылып бір рет сөзі сөйленбей қағажу көрсе бұдан бұрынғы жақсылық ұмытылып «әй, бәлем» деп  теріс айналып кететінін басшылық жұмыста болғандар анық біледі.  Міне, жетпейтін жердің дауын шешуде хан да тығырыққа тіреліп, қинала тұрып досын ренжітер билік айтуға мәжбүр болады. Сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдай сондай халге келтірген-ді.

Ресей империясы басыбайлы иелік жасап, өзінің жеріне айналдырған Еділ- Жайық арасын қазақтарға түгел берген жоқ еді. Жайлауға белгіленген жерлерге ғана жібереді. Жайық өңірінің аңғары су толған кездегі деңгейінен 15 шақырым жерді Орал қазақтарына берді. Каспий жағалығының линиялық аймақ белгілеп одан ішке кіруге тыйым салды. Еділ бойында орыстар, татарлар, қалмақтар қоныстанып қазақтарды жақындатпады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мұрағаттық деректермен толықтырайық.

1819 жылы июнь айында Оренбургтың генерал-губернаторы инфантерия генералы  кавалер Эссен Астрахань азаматтық губернаторына Еділ- Жайық арасының билеушісі Шығай Бөкеевке өзінің қалаған жерінен қыс қоныстану үшін үй салып, тұрақтап отыруға жер беруді өтінген хат жазған. Бұл мәселенің шешімін алу үшін бірнеше адамдар мен мамандар, заң орындары мен судьяларға хат жолданып жауап алынған. Осы мәселе турасында жазылған қағаздар, жинақталған құжаттар, үлкен бір томдық іске айналған. Сұлтан Шығай Конево Кордонның постысының үш версть қашықтықтан туған туыстарымен орналасуға жер сұраған. Ол Коневский Кордонының  балық қорғау аймағына жататын жер деп беруге мүмкіндігі жоғы хабарланған. Бастаған жазбалардың қорытындысындай 6 июнь 1820 жылы Астраханьский комендант генерал- майор и кавалер Дельпцо:

«На обстройку домов нигде не предвидится»,  – деп жауап берген. Сонымен қатар Шығай сұлтанның уақытша пайдалануға тұрғызылған екі мазанкасын бұздырып, өздерін көшіруге шешім алған. (Астрахань облысының мемлекеттік архиві 13-қор, 1 тізім, 36526 іс. Дело о выделении    места для постоянного проживания киргизского народа)

Осындай мәтіндегі Астраханьның мемлекеттік архивіндегі 1-қор, 7-тізім, 1172- істе «Дело об определении места для постройки дома для киргизского султана». Оренбург генерал- губернаторы генерал инфантерий кавалер Эссен, Астрахань азаматтық губернаторы Николай Иванович Поповке 30 қыркүйек  1824 жылы №712 қатынасында Каспий теңізі жағасынан Жәңгір ханға жер бөліп көмек жасауды және үй құрылысының материалдары мен тасу құнының шығынын көрсетіп беруін сұраған.

Жәңгірдің үй тұрғызуға сұрағаны Никольскиден (Ескі Жанбайдан) Коневский селосына қарай 10-12 верст жерде.

Астраханьның азаматтық губернаторының тапсырмасы мен, губернияның жерге орналастырушысы  (  Земля искатель  ) Жәңгір ханға үй құрылысына теңізден 10 верст Кордон жолынан 2 пядь жерден орын белгілегені 2 қаңтар 1825 жылы 19 санды хабарлама арқылы түсірген.

Астрахань азаматтық губернаторы И.И.Поповке 1825 жылы 7 мартта Красный Яр уезінің жер өлшеуші (земле мер)  Маринечева, Красный -Яр Земский соты Дворянского, заседатель Ревановалардан Жәңгір ханның үй тұрғызуға сұраған жері құпия кеңесші  Анна Ивановна Безбородканың меншігіндегі дачалық жері деп хабарлама түскен. Міне, хан мен сұлтандар теңіз жағасына жақын орналасып, қоныстануға жағдайларын шеше алмағанда жерге қандай иелік жасай алады? Ханның да мүмкіндігі шектеулі болғандығына көзіміз жетеді.

Ішкі Орданың жаны да, малы да өсіп қиындық туындаған сәтте хан қарап отырмады. Шөбі шүйгін, шабындығы бар жерлерден шөп шауып орнына мал жаюды ойластырып, жер иелерін шанымды уәкілдермен жолықтыру жұмыстарын жүргізді.

Қойнауы малға толтырылған Еділ Жайық арасының  елінің ішкі жағдайының тұрақсыздануы белең алды. Малының бабы табылмаған қазақта тыныштық бола ма? Бұл жайдың туындауы, оны шешер жолды түбегейлі түсінген Жәңгір хан қолдан келер барлық шарасын алды. Бірақ бар мәселені шешуге құзыры да, құдыреті де жете бермейтін.

Жан-жақтан анталаған қыспақтан құтылу үшін жан айқайын білдіріп Астрахань губернаторына жеті беттік хат жолдады. Ондағы негізгі мәселе Ішкі Орда халқының кең өрісін шығысы мен терістігін тарылтып отырған Орал казактарының Сары, Қара өзен алқабын босатуын өтінді. Түстіктегі теңіз жағалауын ұзына бойына иемденіп дачаларын салып, балық кәсіпшілігін өрістетіп, қыр қазағын құнарлы жерге жолатпай қойған князь Юсупов пен граф Безбородконың қысымшылығынан құтқаруды тілек етті. Еділ бойын ең жайлауға тежеу салып, өзен жағасындағы  жерлерден айырған сарытаулықтар мен қалмақтарды ығыстыруда көмек жасауларын сұрады.(Астрахань облысы мемлекеттік мұрағаты 1 қор, 7 -тізім, 2446- іс). Осы тектес тілегін 1 Николай императорымен кездескенде де білдірген. Ханның тілегі қозғау салынды. Сары өзен және оның алқабы  қазақтарға тиді. Еділ бойын келісіп жайлауға мүмкіндік туындады. Каспий жағалауы түбегейлі басы ашылмай оброк төлемдермен пайдалану қарастырылды.

1929 жылы келіссөз жүргізіп жерді алу үшін Өтебәлі Шығаевқа тапсырады. Жердің жалдау құнын, оның иегері әр басқа шағып алуларына мәжбүрледі. Оның бағасы жылқының әр басына 60тиын, түйе мен сиырға 45 тиын, қойға 15 тиын мөлшерінде белгілеп келісім шарт жасалған.

Жәңгір хан халықтың жағдайын ауырлататын қысым көрсеткен  шартты қабылдамай, жер иелері мен оның басында жүрген чиновниктерге жерді онда жайлайтын малға емес жалпы берілетін жер көлеміне төлеуге ұсыныс жасап өткізеді. Дачниктер оптовый 4000 рубль сұрайды. Хан 1500 рубльге келіскен. (Астрахань мемлекеттік архиві 1қор, 7-тізім, 2446- іс). Жалға жер алушылыққа орысша, татарша сауатты Есауыл қарауыл Қожа Бабажановқа тапсырады. Ол алынған жерді старшиндар мен ауылдарға бөліп беретін арадағы дел-дал ретінде жүрген.

 Бөліс болған жағдайда керіс те жүретіні түсінікті жағдай. Қазақтың «алушыға алтау аз, берушіге бесеу көп» деген өзгенің жерінің тәуір көрініп тұратыны қанға сіңген әдет. Осы орайда талас, күрес те болады. Әрбір дауға 400 шақырымдай жерден хан үнемі келе алмай, даудың өршуі қурап тұрған ақтыққа түскен шоқтай, өрт лаулап көтеріліске себепкер жасалғаны еш дау келтірмейді.

 Жәңгір ханға  билікке келгесін алым -салықтың түрін, мөлшерін де көбейтті деп айып тағылып тұр. Бұл сөзді саралап мән беріп қаралса, елді құраған халықтың байлығының бір бөлігі әр қашан мемлекетті ұстауға жаратылады. Тапқан табысынан налог төлемейтін елді тарихта кездестіру қиын.

 Мал баққан қазақ елінде, Нарын өңірінде өндірістін басқа көзі жоқ, сонда ел билеу шығындарын кім көтеру керек? Бұл салада Жәңгір хан табысы төмен жарлы- жақыбайларды барлық төлемнен босатқан. Жылдық кірісі 100 күміс рубльден кем жанұядан зекет алынбағандығы мұрағат материалдарында көрсетілген. Жәңгір хан зекетті тек ханның шығындарын өтеуге жаратылмай, кем- тарларға ішім – жемі тапшыларға жаратылатының қатаң қадағалаған. Өзінің пәрменімен беркіткен зекет көлемі 40 қойдан асса бір қой, одан мол болса әр жүз қойдан бір бас беруге белгіленген. 5 түйеге 1 қой, 30 бас ірі қараға екі жастық торпақ белгіленген.

Хан соғымында халықтың дәулетіне қарайлап белгіленген. 10 ауқатты шаңырақ пен бес кедей отбасы бірігіп соғымға бір ірі қара берілуі қарастырылған.

Есепке жүгініп қарасақ, жылына бір алынатын зекет пен хан соғымы халық түңілетіндей мөлшерде еместігі айқын байқалады. Ханды даттауға айтылатын сөздің салмағын көтеретіндей қауһары жоқ дүние. Күнделікті тілмен айтсақ, жылына бір қойыңды сойып құрмет көрсету мен зекет мәселесі шешілсе 15 үйден бір соғымдық мал берсе, әр үйден 10-12 кг мөлшеріндей ет. Қыста хан үйіне келгенде асып та беретін ет емес пе? Бұндай алым алды деп елдің көтерілуіне негіз жоқ. Істің мәніне бармай төпеп айта беруге болатын парықсыздардың қылығы деп санаймыз.

1836-1837 жылғы шаруалар көтерілісінің басшысы Исатай мен Жәңгір ханның арасында бітпестей жаулық болды деу қиын. Араларында келіспеушілік, араздасып ызғышу болсада, бір-бірін құрту ниетінен аулақ екенін байқаймыз. Жасқұстағы хан ордасын  үш мың қолмен қоршауға алғанда, Исатай батыр ызаға булыққан қанды кек болса орданы шабар еді. Исатайдың ондай әрекетке бармауында үлкен сыр жатыр. Жәңгірді дауға қисада, қанға қимағандығы, көңілінде дақ болсада қарайып қарауланбағандығы. Жәңгірдің кейбір ісіне риза болмасада, ел үшін атқарған еңбегін бағалағандығы деп түсінуге болатын сияқты. Бұл орайда әр-кімнің өз патша көңілі бар ғой.

Орданы қоршаған қазақтардың бірен -саран шиті мылтық, барында қылыш пен найза, көпшілігі қамшы мен сойыл деп тақымдарына қысқан құралдарымен қаруланған көтерілісшілерді мылтықпен мұздай қаруланған хан жасақтары, қорғаныста тұрып оқ жаудырып жусатып тастау қолдарынан келер еді. Жәңгір хан ондай арандатуға бармады. Қазақтың қанын төгуге ешкімді жібермеді. Бұл әміршінің жауласқандардың да қанын төгуге бармаған ізгілі болатын.

Патша әскерінің Гекке бастаған зеңбірек сүйреткен қарулы отрядының көтеріліс­шілерге қарсы әскери қимылдар жасар сәтте қантөгіс жасауға барғысы келмей Геккеге: «Таймановқа тым қатал талап қойма, басараздықты ағайындықпен реттерміз», – деп өтініш жасауы көтеріліс басшысына көңіл бұрып тұрғанын байқатады.

Бір заманда өмір сүрген үш тарихи тұлғалар Жәңгір хан, Исатай, Махамбеттердің бірін көтеріп, келесісін кемітетін реті жоқ. Әрқайсысының тарихта өзіндік орны бар арыстар. Қайқайсы да үлкен құрмет иесі. Жәңгір болмаса Исатай, Махамбеттің тарих аренасына шығуы екіталай. Махамбеттің от жалын жырлары дүниеге келмес те еді.

Ханның өмірінің сонғы жылдары Орынбор генерал -губернаторы В.А.Обручевке және Орынбор шекаралық комиссияның председателі генерал- майор Г.Ф.Генске хан тарапынан сұлтандар мен старшиндарға қысым көрсетті деген шағымдар түскен. (ЦГА РК. Ф.И-4. Оп. 1. Д 2231 Л.673 и № 400). Қара халық емес, ел билеушілерінің шағымдануы олардың халықты басқарудағы кемшіліктерін жасыруы ма деп қаласын. Озық ойлы Жәңгірдің халықтың мәдениетін, күнделікті тұрмыс ахуалын көтеріп білімге жетелегеніне ілесе алмай кері тартқан надандар ма деп те ойлайсың. Олай деуіме 1840 жылы маусымның үші күні Мақаш әкімнің әкесі Шолтыр Бекмұханбетовке жазылған формулярлық бетшеде ол кісінің «Грамоту по – русский и по – татарский не знает »,  –  дегені (ЦГА . РК. Ф.И-78; опис 4; Д178 Л.стр 124) негіз болды. Ханның үстінен түскен шағымды астыртын          жүріп асықпай тергеген полковник К.Х.Бабетаның қатынасын аудармай келтірсек: «1845г Июня 12 – Оренбургскому военному губернатору В.А.Обручеву о результатах расследования жалоб букеевских казахов на хана Джангира.

 ...Вследствии чего, как при производстве следствия о вышеозначенных киргизах. Так и по долговременному моему пребыванию во Внутренной Орде при других случаях не было замечено много никаких обид и стеснений делаемых киргизам ханом этой Орды и другими начальствами их.

 К дознанию сущности этих жалоб спрошеное были много некоторое те же самые киргизы, которые приложили тамги свой к прошению, ко причем они отозвелись и объявляя, что никогда не писали и не прикладывали к прошению тамг и не знают кем именно составлено оное». (ЦГА РК,Ф.И-4; Опис 1. Д2231 Л.617).

Хан Жәңгірдің бабасы Әбілқайыр генерал Неплюевпен тартыста өтсе, өзі генерал- губернатор З.А.Перовскиймен келісімге келе алмай өмірмен қоштасты. Перовскийге есіктен кіріп, төр менікі деген қазақ ханының еркіндігі ұнамады. Үй ішінен отау тіккендей, өзінің мемлекеттік атрибуттарын жасақтап Ішкі Қазақ ордасының туын көтергені жүректерін сыздатты. Осындай тар пиғылдарын Жәңгір қазасынан кейін - ақ оны даттап, ел алдында жек көрінішті етіп көрсетуге кірісті. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін жергілікті халықтың салт-дәстүрін білетін шығыстанушы В.В.Григорьевті өзінің көмекшілігіне ала келді. Империя басшылығына ішкі қырғыз ордасын басқаруды оңтайландыру турасында   жазған қатынасында хан тұқымына ерекше құрмет көрсетілудің артық екенін дәлелдеуге кірісті. Ресей иелігіне келген Бөкей, Жәңгір ханда өздеріне көрсетілген сенім мен жасалған қолдау мен көмекті алсада, оны жеке мүддесіне пайдаланған етіп көрсеткен. Жалпы Жәңгір хан жөнінде қалыптасқан оң пікірді жоққа шығарып, оның ұрпақтарын елге ықпал етуден тайдыруды мақсат тұтты. Түпкі мақсаты Кіші Орданы ыдыратып, атын жойып  Ресейдің шеттегі провинциясына айналдыру. Билік басынан хан тұқымын аластап, орыс чиновниктерін әкім ету ниетін жүзеге асыруға кірісті. Ордадағы жер жөніндегі өткір мәселенің  тапшылығын ханның іс- әрекетімен байланыстырды. Ханның өзінің 400 мың десятина жері болды деп кінә тақты. Тиянақты ойға салсақ бұл цифрдың жалғандығын байқау қиын емес. Өйткені, Ішкі Орданың пайдалы жерінің 8 пайызын иемденді деудің қисыны келмейді. Барлық жердің 10/1 бөлігін иемденсе, бүгінгі күнге ізі қалмай ма?! В.А.Перовскийдің мақсаты орындалды. Ішкі қырғыз ордасының билеуінен Жәңгір тұқымы аластатылды. Билік Орыс чиновнигі басқарған уақытша кеңестің қолына көшті. Рулық басқару жойылып, уездік  басқаруға көшірілді. Аймақ бес қисым, екі округке бөлініп, бұрынғы уыздай ұйыған замандарын армандап еске алатын болды.

Ханның өмір жолын, саясатқа соқтырмай зерделесек ол озық ойлы, ғылымды игеруге ұмтылған жан. Елін жарқын болашаққа бастап, жаппай сауаттандыруды ұйымдастырған адам. Әділдік жолын таңдап, ізгілікті іс атқарып, халқының тұрмысын жақсартып, тыныш өмір сүруге бастаған хан.

Халқының дінін қастерлеп, имандылық жолдан ауытқымай, қиянаттан сақтауды мақсат еткен тәрбиеші. Жаппай білім алуға жетелеген ұстаз. Жастарды жоғарғы дәрежеде білім алып, ұлт жанашыры болуға үйреткен тәлімгер. Ұлт тазалығын, елдің дербестігін сақтауға аянбай жұмыстанған отаншыл рухтағы басшы.

Міне, Жәңгір ханның тұлғалық бейнесі!

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ, "Жұлдыз" журналы