Маңғыстау облысының экология департаменті Баутино ауылы маңындағы «Асан» және «Қаса» аумақтары аралығындағы жағалаудан өлі итбалықтар табылғанын хабарлады. Бұл туралы Lada.kz -ке сілтеме жасап ult.kz хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 19 мамыр күні облыстық балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторлары 35 итбалықтың және бекіре тұқымдас екі балықтың өлексесін анықтаған.
Осыған байланысты экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары аталған аумақта теңіз суынан сынама алды.
"Су сынамаларын зерттеу нәтижелері туралы қосымша хабарланады", – деп мәлімдеді департамент өкілдері.
Бұған дейін Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары 13 мамыр күні Түпқараған ауданына барып, теңіз суынан сынама алғаны хабарланған еді. Талдау қорытындысы бойынша суда ластаушы заттар анықталмаған.
Еске салайық, 10-11 мамыр күндері Түпқараған ауданындағы Баутино ауылы жағалауынан 37 өлі итбалық табылған болатын.
Итбалықтардың жаппай қырылуының ықтимал себептерінің бірі ретінде табиғи сұрыпталу аталды.