Freedom Inside '26

Жеті жұмысшыны алып тас басып мерт қылды

Жеті жұмысшыны алып тас басып мерт қылды
Фото: әлеуметтік желі

Үндістанның Карнатака штатындағы Бенгалуру қаласының маңындағы тас карьерінде болған қайғылы оқиға салдарынан жеті жұмысшы көз жұмды. Тағы бірнеше адам түрлі деңгейде жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылар карьердің төменгі бөлігінде тас өндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде биіктігі шамамен 12 метрден (40 фут) алып жартас төмен қарай домалап кеткен. Жұмысшылардың қашып үлгеруге мүмкіндігі болмаған. Оқиға орнында жеті адам қаза тауып, бірнеше жұмысшы ауыр жараланған.  

Бастапқыда жартас табиғи жолмен құлады деген болжам айтылған. Алайда тергеу барысында полицейлер жартас өздігінен емес, экскаватордың итеруінен қозғалғанын анықтады. Соның салдарынан алып тас төмендегі жұмысшыларға қарай домалап кеткен. Бұл дерек өндірістегі қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғанын көрсетіп отыр.  

Жергілікті полиция карьер иелері, учаске жетекшілері мен экскаватор жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу материалдарына сәйкес, жұмысшыларға қажетті қорғаныс құралдары берілмеген және қауіпті аумақта жұмыс істеуге мәжбүр болған. Сонымен қатар көршілес карьерде жүргізілген қазу жұмыстары жартас қабатын әлсіреткен болуы мүмкін деген нұсқа да қарастырылуда.