Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафондық қашықтықта бірінші келген Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесіне қатысты наразылық білдіріп, шағым жіберді, деп хабарлайды ult.kz.
Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырымдық қашықтықты 3:22:20 нәтижесімен бірінші болып аяқтаған. Осылайша ол Қазақстан қоржынына алтын жүлде әкелген.
Алайда жарыстан кейін спортшының пайдаланған аяқ киіміне қатысты протест беріліп, нәтижесінде оның көрсеткіші жойылған.
Федерацияның мәліметінше, World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Бірақ Тоқсанбаева жарыста киген аяқ киімнің нақты моделі бұл тізімге енгізілмеген.
Сонымен бірге спортшының аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, оған жарысқа қатысуға рұқсат берілген.
Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау үшін қабылданған шешімге шағым түсіріп, тиісті наразылық жолдаған.
«Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды», – делінген мәлімдемеде.
Федерация Ясминаға оқу-жаттығу процесін, медициналық-биологиялық сүйемелдеуді және жарысқа дайындалуға қажетті жағдайдың барлығын қамтамасыз еткенін атап өтті.
Ұйым халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын күшейту қажет екенін айтты. Бұл бағыттағы жұмыс кешенді халықаралық жарыстарда Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүргізіледі.
Федерация сонымен қатар шағым мен наразылықтың нәтижесіне қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға чемпионға тиесілі барлық сыйақы өз қаражаты есебінен толық көлемде төленетінін мәлімдеді.
«Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады», – делінген ресми мәлімдемеде.
Бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева кроссовкасы үшін Азиаданың алтынынан айырылғанын жазғанбыз.