Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы ең атышулы қылмыскерлердің бірі Николай Жұмағалиевке ұқсайтын ер адамның жабық психиатриялық мекемеде түсірілген делінетін видеосы кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазба Алматы облысындағы Ақтас кентінде орналасқан мамандандырылған психиатриялық ауруханада жасырын түсірілген болуы мүмкін деген ақпарат айтылуда. Кадрлардан ер адамның өзін камераға түсіріп жатқанын аңғармағаны байқалады.
Видеода ол журналистерге сұхбат беруге қорқатынын айтып, егер ашық сөйлесе, мекеме басшылығы өзіне арнайы дәрі немесе екпе қолданып, сөйлеу қабілетін шектеуі мүмкін екенін мәлімдейді. Сондай-ақ ол ауруханада жемқорлық барын, кейбір қызметкерлердің ауыр құқық бұзушылықтарға қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады.
Бұдан бөлек, бейнежазбада емдеу мекемесіндегі тұрмыстық жағдайларға қатысты да түрлі айыптаулар айтылады. Атап айтқанда, науқастарға берілетін тағамның сапасы төмен екені, жиһаздың ондаған жыл бойы жаңартылмағаны, кейбір емделушілердің қаржыландыру мақсатында негізсіз ұзақ уақыт ұсталып отырғаны жөнінде сөз болады. Сонымен қатар әңгіме барысында Қазақстандағы заңсыз алтын өндіру мен АҚШ-тағы саяси реформалар секілді өзге де тақырыптар қозғалады.
Аталған видеода айтылған мәлімдемелердің ресми түрде расталмағанын атап өткен жөн. Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолданған.
Еске салайық, Николай Жұмағалиев 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында бірнеше әйелді аса қатыгездікпен өлтіргені үшін сотталған. Іс материалдары бойынша оған шизофрения диагнозы қойылып, кейін мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Ол ұзақ жылдар бойы мамандандырылған психиатриялық мекемеде ем қабылдап келеді.