Украина президенті Владимир Зеленский рэпер Потапты (Алексей Потапенко) «Украинаның еңбек сіңірген әртісі» атағынан айыру мәселесін қарауды үкімет пен Украина Қауіпсіздік қызметіне тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл шешім 25 мыңнан астам дауыс жинаған электронды петициядан кейін қабылданған. Зеленский петицияны Үкіметке жолдап, оған қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.
Президенттің жауабында бұл бастама «Ресей ықпалына қарсы күреске» бағытталғаны айтылған.
Бұған дейін Украина Жоғарғы Радасы Владимир Зеленскийден Потапты аталған атақтан айыруды сұрау туралы шешім қабылдай алмаған.
Айта кетейік, тамыз айында Потап пен оның жұбайы Анастасия Каменских Украинада орыс тіліне байланысты қудалауға қарсылық білдірген еді. Олар әлеуметтік желіде орыс тілінде сөйлегені үшін әзіл түрінде «кешірім сұраған» видео жариялаған.
Кейін өнер иелері Украинадағы «Миротворец» дерекқорына енгізілді.