Зейнеткерлер үшін несие рәсімдеу ережесі өзгереді

Зейнеткерлер үшін несие рәсімдеу ережесі өзгереді
egemen.kz

Қазақстанда зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтарға несие беру тәртібі күшейтіледі. Енді бұл санаттағы азаматтар кредитті онлайн рәсімдей алмайды, деп хабарлайды ult.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Жаңа талапқа сәйкес, зейнет жасындағы және зейнеталды жастағы қазақстандықтар несие алу үшін банк бөлімшесіне жеке келуі тиіс. Қашықтан, мобильді қосымша немесе интернет арқылы несие рәсімдеу мүмкіндігі болмайды.

Сонымен қатар банк қызметкерлеріне күмәнді жағдайларда несие беруден бас тарту құқығы беріледі. Егер менеджер клиенттің алаяқтардың ықпалында екенін немесе өз әрекетінің мәнін толық түсінбейтінін байқаса, банк несие бермеуге міндетті болады.

Атап айтқанда, мынадай жағдайларда несие беруден бас тартылады:

  • клиенттің телефон арқылы үшінші тұлғалардың нұсқауын орындап отырғанына күдік туындаса;
  • несие алушының мазасызданып, үнемі телефонына қарап, біреудің айтқанын орындап отырғаны байқалса;
  • клиент несиенің нақты қандай мақсатқа қажет екенін анық әрі түсінікті түсіндіре алмаса.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шаралар телефон және интернет алаяқтарының құрбанына жиі айналатын егде жастағы азаматтарды қорғауға бағытталған.

Жаңа талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайды.