Балқашта коттеджі мен автокөлігі бар зейнеткер өз қызынан сот арқылы алимент өндіріп алуға тырысқанымен, оның талабы қанағаттандырылмады. Сот ер адамның заң бойынша мұқтаж санатқа жатпайтынын және өзін-өзі қамтамасыз етуге жеткілікті қаражаты бар екенін анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Балқаш тұрғыны қызынан ай сайын 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде алимент өндіруді сұраған. Ол өтінішінде күнкөріс пен дәрі-дәрмек шығындарына байланысты қосымша көмекке мұқтаж екенін көрсеткен.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз әрі мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті.
Алайда сот барысында талап қоюшының 128 229 теңге зейнетақы алатыны, сондай-ақ екі қабатты үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екені анықталды.
Қызы талапты мойындамай, екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғанын және 85 мың теңге жалақы алатынын айтқан. Оның сөзінше, әкесі коттеджде жалғыз тұрады, тұрақты зейнетақысы мен мүлкі бар, сондықтан қосымша көмекке мұқтаж емес.
Сот ер адамның емделуге тұрақты шығындары немесе өмірлік қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтыны туралы нақты дәлел ұсынбағанын атап өтті. Сонымен қатар, оған ұлы тарапынан да материалдық қолдау көрсетілетіні белгілі болды.
Нәтижесінде сот талапты қанағаттандырудан бас тартып, алимент өндіруге негіз жоқ деген шешім шығарды. Шешім заңды күшіне енді.