Зейнетақы аннуитеті: ереже жаңарды. Не өзгерді?

Зейнетақы аннуитеті: ереже жаңарды. Не өзгерді?

Қазақстанда зейнетақы аннуитеті шарттарын жасау және ол  бойынша қызмет көрсету қағидалары жаңартылуда. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылғы 28 қыркүйектегі №131 қаулысымен зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартына, сақтандыру төлемдерінің кестесіне және шартқа жасалатын қорытынды формаға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат 2026 жылғы 1 қазанда жарияланды және алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Өзгерістер негізінен шарт рәсімдеу және оған қызмет көрсету тәртібін, бір сақтандыру ұйымынан екіншісіне ауысқан кездегі өтем аудару рәсімін, сондай-ақ сақтандыру төлемдерінің жекелеген талаптарын нақтылауды қамтыды.

Кепілді сақтандыру төлемі

Өзгерістердің негізгі бөліктерінің бірі – сақтанушы немесе сақтандырушы қайтыс болған жағдайда кепілді қаражат төлеу тәртібі.

Егер сақтанушы немесе сақтандырушы адам қайтыс болса, шартта көрсетілген тұлға, ал ондай тұлға болмаған жағдайда мұрагерлер шартта көзделген кепілді сақтандыру сомасын алуға құқылы. Бұл төлемдер сақтанушының немесе сақтандырған адамның көзі тірісінде толық алынбаған немесе мүлдем алынбаған жағдайда жүзеге аспақ.

Төлемді біржолғы немесе ай сайынғы түрде алу мүмкіндігі қарастырылған. Біржолғы төлем таңдалған жағдайда оның мөлшері сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде қолданылған индекстеу мөлшерлемесі мен тиімді жылдық кірістілік мөлшерлемесін ескере отырып айқындалады.

Сондай-ақ сақтанушы немесе сақтандырған адам ай сайынғы сақтандыру төлемін алғаш алғанға дейін қайтыс болған жағдайда қолданылатын тәртіп сақталады. Мұндай жағдайда шартта көрсетілген тұлға, ал ол болмаған кезде мұрагерлер есептелген өтелу сомасын белгіленген тәртіппен біржолғы төлем түрінде алады.

Жерлеуге арналған төлем тәртібі нақтыланды

Жаңартылған редакцияда шарт бойынша екі сақтанудырушы болған жағдай нақты көрсетілген.

Сақтанушы (лар) және (немесе) сақтандырған адам (дар) қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы отбасы мүшелеріне немесе жерлеуді атқарған адамға жерлеуге арналған біржолғы сақтандыру төлемін аударады. Төлем мөлшері шартта көрсетіледі, бірақ әрбір сақтандырушыға сол қаржы жылындағы АЕК-тің 35 еселенген мөлшерінен кем болмауы тиіс.

Осылайша, үлгілік шартта екі сақтандырушысы бар шарттарға қатысты осы норманы қолдану тәртібі нақтыланды.

Басқа сақтандыру ұйымына ауысу – бірыңғай цифрлық жүйе арқылы

Өзгерістер клиенттің басқа сақтандыру ұйымына ауысу тәртібінде де бар.

Жаңа редакция бойынша, өтелу сомасы зейнетақы аннуитеті шартының жаңа сақтандыру ұйымымен жасалғаны туралы сақтандыру деректер базасын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымнан мәліметтер алынған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жаңа сақтандыру ұйымына аударылуы тиіс.

Бұл ретте шарт туралы мәліметтер мен қажетті ақпарат бірыңғай сақтандыру дерекқорына (БСДҚ) шоғырландырылады. Шартты жасасу және өтелу сомасын аудару процесі БСДҚ арқылы сақтандыру ұйымдары арасында ақпарат алмасудың автоматтандырылған электрондық тәртібіне сай жүреді.

Бұл – сақтандырушының сақтандыру ұйымына бармай-ақ құжат тапсыруына мүмкіндік береді. Өтініш пен қажетті мәліметтер сақтандыру ұйымдары арасында электрондық түрде беріледі. Осылайша, өтініш беруден бастап оны басқа ұйымға жіберу және аударымды рәсімдеуге дейінгі процесс бірыңғай цифрландырылады, қағазбастылықтан ада  болады.

Жеке қаражатты пайдалану тәртібі нақтыланды

Сақтандыру сыйлықақысы жеткіліксіз болған жағдайда өзі қаражат салу мүмкіндігі бұрын да болған. Жаңа редакция оны енгізу тәртібін нақтылады.

Егер шарт жасасу кезінде немесе қолда бар шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу барысында сақтандыру сыйлықақысының жетіспейтін бөлігі үшін жеке қаражат тартылса, бұл қаражат біржолы және толық салынуы тиіс.

Шартта сақтандыру сыйлықақысына көздері де көрсетіледі. Ол: БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары, басқа сақтандыру ұйымынан алынған өтелу сомасы және сақтанушының жеке қаражаты.

Шарт параметрлері туралы ақпарат кеңейтіледі

Зейнетақы аннуитеті шартына жасалатын қорытынды форма да жаңартылды. Онда сақтандыру сыйлықақысының мөлшері, БЖЗҚ-дан аударылатын зейнетақы жинақтары, басқа сақтандыру ұйымынан алынатын өтелу сомасы, сақтандыру төлемдерінің мерзімі, кепілді төлем кезеңі, тиімді жылдық кіріс мөлшерлемесі, индекстеу мөлшерлемесі және алғашқы мерзімді сақтандыру төлемінің мөлшері көрсетіледі.

Сақтандыру төлемдерінің кестесінде мерзімді төлемнің күні мен мөлшері, шартта көзделген болса, сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда жүзеге асырылатын біржолғы төлемнің мөлшері, сондай-ақ өтелу сомасы жеке көрсетіледі.

Бұл шарттың негізгі параметрлері мен көзделген төлемдерді неғұрлым құрылымды түрде ұсынуға мүмкіндік береді.

Не өзгеріссіз қалады

Зейнетақы аннуитетінің негізгі қағидаты сақталады: сақтандыру ұйымы сақтандырылған адамға өмір бойы сақтандыру төлемдерін аударып отырады.

Әртүрлі санаттағы шарттар бойынша төлемдердің мерзімділігі де өзгермейді. 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған шарттар бойынша төлемдер ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын жүзеге асырылуы мүмкін, бірақ белгіленген жылдық төлем көлемі сақталуы тиіс. Ал 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жасалған шарттар бойынша төлемдер ай сайын аударылады.

Жалпы, жаңартылған ережелер зейнетақы аннуитетінің талаптарын нақтылап, жекелеген рәсімдерді реттейді және өтелу сомасын бір сақтандыру ұйымынан екіншісіне аудару кезінде сақтандыру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды цифрландыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда зейнетақы аннуитетін өмірді сақтандыруға маманданған ұйымдар, оның ішінде Halyk Life ұсынады. Бағдарламалардың талаптарымен танысып, кеңес алу және есептеу жүргізу үшін halyklife.kz сайтына немесе 7123 нөміріне жүгінуге болады.