Павлодар қаласында пышақ ұстаған ер адам өзіне көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасады. Оқиға 10 маусым күні түстен кейін Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, шақырту сағат 15:00 шамасында түскен. Тұрғындардың бірі көшеде белгісіз ер адамның жатқанын хабарлаған. Оқиға орнына тоғыз минут ішінде жеткен медицина қызметкерлері оған көмек көрсетуге әрекеттенген.
Алайда ер адам агрессия танытып, дәрігерлерге пышақпен тап берген. Сондай-ақ жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін жұдырықпен ұрып, реанимобиль салонындағы дәрі-дәрмек ампулаларын сындырған. Бұдан бөлек, медициналық қобдишаны сыртқа лақтырып, көліктің ішін бүлдірген.
Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Кейін ол мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылды.
Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына арыз жазған. Аталған дерек бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне күш қолдану және қауіп төндіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды.