Қытайдың Star.Vision компаниясы Өзбекстанның тарихындағы алғашқы Samarkand-2028 гиперспектралды жерсерігін сәтті ұшырды. Жерсерік Қытайдың Шаньдун провинциясы жағалауындағы теңіз платформасынан ғарышқа жіберілді. Бұл туралы Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігі хабарлады.
Samarkand-2028 жерсерігінің басты ерекшелігі – оның борттық жүйесіне Өзбекстанда әзірленген жасанды интеллект модулі орнатылған. «Uzbekcosmos» агенттігінің мамандары жасаған бұл технология гиперспектралды деректерді тікелей орбитада өңдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында ақпаратты беру және кейінгі талдау әлдеқайда тиімді болады.
Жерсерікпен бірге Қытайдың Lampung-1 аппараты да ұшырылды. Екі жерсеріктің де ұшырылымы штаттық режимде өтті.
Өзбекстан билігінің мәліметінше, бұл жоба елдің ұлттық ғарыш бағдарламасындағы ең ірі халықаралық бастамалардың бірі саналады. Сонымен қатар, ол Өзбекстан мен Қытай арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді.
Samarkand-2028 ауыл шаруашылығы, экология, қала құрылысы және басқа да стратегиялық салаларда заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ жерсерік табиғи ресурстарды бақылауға, су қорларын басқаруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және Жер бетін зерттеуге көмектеседі.
Айта кетейік, Samarkand-2028 атауының символдық мәні бар. 2028 жылы Халықаралық астронавтика конгресі (IAC) Самарқанд қаласында өтеді, ал жерсерік атауы осы тарихи оқиғаға орай берілген.