«Жасанды интеллект» пен криптовалюта тұзағы: қазақстандықтарды алдайтын жаңа алаяқтық схема шықты

«Жасанды интеллект» пен криптовалюта тұзағы: қазақстандықтарды алдайтын жаңа алаяқтық схема шықты
ашық дереккөз

Алаяқтар енді жоғары табыс уәде етіп, «нейрожелі», «токенделген алтын» және криптовалюта арқылы азаматтардың ақшасын иемденуге тырысуда, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды интернетте таралып жатқан жаңа инвестициялық алаяқтық схемаларынан сақ болуға шақырды.

Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және түрлі форумдарда алаяқтар өздерін инвестициялық компаниялардың өкілі ретінде таныстырып, жалған жарнамалар таратуды көбейткен.

Олар азаматтарға «токенделген алтынға», «жасанды интеллект негізіндегі табысты жобаларға» немесе «автоматты трейдер-роботтарға» қаржы құйса, қысқа уақытта үлкен пайда табуға болатынын уәде етеді.

Алаяқтар алдымен өзін қаржылық кеңесші ретінде таныстырып, арнайы инвестициялық платформаларға немесе криптовалюта сервистеріне тіркелуге көндіреді. Жалған сайттарда шынайы инвестициялық жүйеге ұқсас графиктер, мәмілелер тарихы, жеке кабинет және қолдау қызметі көрсетіледі.

Кей жағдайда қылмыскерлер сенімге кіру үшін алғашқы шағын сомадағы «пайданы» шешіп алуға мүмкіндік береді. Осы арқылы жәбірленушіні көбірек ақша салуға ынталандырады.

Алайда есепшоттағы қаражат көбейгеннен кейін пайдаланушы ақшасын қайтара алмай қалады. Сол кезде алаяқтар «салық», «комиссия» немесе «сақтандыру төлемі» деген сылтаумен қосымша ақша талап етеді. Талап орындалғаннан кейін байланысын үзіп, аккаунттарды бұғаттайды.

Ұлттық банк алаяқтардың жалған мөрі, қолы және ресми құжаттарға ұқсас деректемелерді пайдаланып, өз әрекеттеріне заңды сипат беруге тырысатынын ескертті.

Сонымен қатар банк өкілдері азаматтарға маңызды ескерту жасады: Ұлттық банк қызметкерлері ешқашан телефон немесе бейнеқоңырау арқылы инвестиция ұсынбайды, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.