Талдықорғанда әлеуметтік желіге жарияланған қауіпті видеоға байланысты бірнеше адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Жетісу облысы полициясының әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі барысында 19 жастағы жергілікті тұрғынның қатысуымен түсірілген бейнеролик анықталған. Онда бойжеткен автокөлік қозғалыс кезінде ойын-сауық орындарының бірін жарнамалап, көліктің терезесінен сыртқа шығып, сусын ішіп, кейін қоқысты жол бойына лақтырған.
Тексеру нәтижесінде видеоға қатысы бар барлық азамат анықталды. Бойжеткен қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көлік жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны және жол таңбасының талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция өкілдері әлеуметтік желідегі танымалдыққа ұмтылу заң талаптарын бұзуға және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруге себеп болмауы керектігін ескертті. Ведомствоның мәліметінше, мұндай әрекеттер құқықбұзушылардың өзіне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіріп, қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Құқық қорғау органдары мұндай заңбұзушылықтарды анықтау жұмыстары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.