Алматы көшелерін кеңестік атаулармен атауға қарсы дау өршіп тұрғанда актриса Зарина Карменнің «Жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр» деп жазған пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады, деп хабарлайды ult.kz.
Актрисаның жазбасы Алматыдағы көше атауларына қатысты қоғамдық талқылау кезінде жарияланды. Ол нақты кімдерді меңзегенін ашып айтпаса да, желі қолданушыларының бір бөлігі оның сөзін ұлттық мәселелерге қатысты пікір білдірген азаматтарға бағытталған ишара ретінде қабылдады.
Сыннан кейін Зарина Кармен өз ойын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, ол қоғамдағы өзекті мәселелерді пайдаланып, қаралым жинауға тырысатын адамдарды меңзеген.
«Менің айтқаным – осындай мәселелерді пайдаланып, түрлі жолмен охват жинап, қаралым қуатын адамдар туралы. Өйткені ондайды көрдім, оқыдым. Көргенімді, байқағанымды ғана айттым», – деп жазды актриса.
Сондай-ақ ол ешкімді жеке айыптамағанын айтып, өзіне бағытталған ауыр пікірлерге наразылығын білдірді. Актриса пікір білдіру мен келіспеудің де әдебі болуы керегін еске салды.

Кейінгі жазбасында Кармен ойын жалпылама жеткізген болуы мүмкін екенін мойындады. Сонымен бірге ол қоғамның жақсы жаққа өзгеруіне үлес қосып жүрген адамдарды құрметтейтінін атап өтті.
Алайда оның түсіндірмесі желідегі талқылауды тоқтатпады. Кейбір қолданушылар актриса қатысқан қазақ тіліндегі фильмдер мен театр қойылымдарына бармауға шақырып, бойкот жариялау туралы пікір білдірді.

Тағы бір желі қолданушысы Зарина Карменнің талантты актриса екенін айта отырып, оның қоғамдағы өткір мәселелер талқыланып жатқанда екіұшты пікір білдіруі беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін жазды.
Қазір әлеуметтік желіде актрисаның жазбасына қатысты пікірталас жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы көшелерінің жаңа атауларын «мойындамаймын» деген блогерді Желі қолданушылары жаппай сынға алған.