Зарина Кармен сынның астында қалды

Зарина Кармен сынның астында қалды
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстандық актриса Зарина Карменнің Threads желісіндегі жазбасы қызу талқыға түсіп, кейбір қолданушылар өнер иесіне бойкот жариялауға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Дау актрисаның блогер Мини Кнопкамен байланысты көше атаулары жөніндегі пікірталасқа қатысты жазбасынан кейін басталған. Зарина Кармен әлеуметтік желіде “Жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр” деп пікір білдірген.

Алайда бұл сөз көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушылары актрисаның ұлттық мәселеге қатысты ұстанымын сынға алып, қаза тапқан 14 әскери қызметші туралы да сөз қозғады.

Атап айтқанда, кейбір қолданушылар Зарина Карменнің сарбаздардың қазасына байланысты жария түрде көңіл айтпағанын алға тартты. Олар актрисаның бұл мәселеге үн қатпағанын сынап, оның кейінгі жазбасын орынсыз деп бағалады.

“Болды, жалған киносына бармаймыз. Бойкот!” деген пікірлер де жарияланды.

Осылайша, көше атауларына қатысты басталған пікірталас актрисаның қоғамдық мәселелерге көзқарасы төңірегіндегі дауға ұласты.

Айта кетейік, Алматыда Қазақстанда алғаш рет dark-триллер жанрында түсірілген «Бүркітші» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Зарина Кармен кім?

Зарина Кармен – қазақстандық актриса, кино саласында танылған өнер өкілі. Соңғы уақытта оның есімі Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасына байланысты қызу талқыланып жатыр.

Актриса көше атауларына қатысты пікірталас кезінде “Жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр” деген жазба жариялағаны үшін кейбір желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Ашық өмірбаяндық деректерге сүйенсек, Зарина Мұхтарқызы Карменова 1989 жылы дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында театр және кино актері мамандығы бойынша білім алған. Лондондағы өнер мектебінде де қосымша білім алған. 2011 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданған. 2018 жылы “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Актриса “Міржақып. Оян, қазақ!”, “Әнел”, “Отыздан асып барамын”, “Менің папам – тигр”, “№37” және “Құшақташы, мама” сияқты кинотуындыларға түскен.