Қазақ киносына жаңа жанр келді: «Бүркітші» dark-триллері прокатқа шығады

Қазақ киносына жаңа жанр келді: «Бүркітші» dark-триллері прокатқа шығады
Gov.kz

Алматыда Қазақстанда алғаш рет dark-триллер жанрында түсірілген «Бүркітші» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Фильм оқиғасы ауылдағы бүркітші мен полиция қызметкерінің қылмысты тергеуінен басталады. Олар бірінен соң бірі орын алған жұмбақ оқиғалардың ізін қуып, түрлі кедергілерге тап болады. Басты кейіпкер қандай жағдайға қарамастан, ақиқатты табуға тырысады.

Туындыда жауапкершілік, әділдік және таңдау мәселелеріне ерекше мән берілген. Ал бүркітшілік өнері детективтік желімен астасып, фильмге ұлттық реңк береді.

«Бүркітші» Алматы облысында түсірілген. Фильмнің режиссері – Қуаныш Стаханов. Басты рөлдерді Зарина Кармен мен Берік Айтжанов сомдаған. Сондай-ақ картинада Қуандық Жүнісов, Айнұр Бермұхамбетова, Елдос Шайкенов, Ермек Шынболатов, Мерей Мақажан, Жасұлан Көпберген және Айжан Пернебекова ойнайды.

Картина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

Айта кетейік, «Бүркітші» әлеуметтік маңызы бар фильмдер қатарына жатады. Жоба 2024 жылы «Заң мен тәртіп» тақырыбында өткен киножобалар байқауында жеңімпаз атанған.

Фильмнің Астанадағы көрсетілімі 9 қыркүйекке жоспарланған. Ал 10 қыркүйектен бастап «Бүркітші» еліміздің кинотеатрларында кең прокатқа шығады.