Жақсылық Омар ісі: апелляция да үкімді өзгерте алмады

Жақсылық Омар ісі: апелляция да үкімді өзгерте алмады
ШҚО ақпарттық орталығы

Пара алу және алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған Өскеменнің бұрынғы әкімі, ШҚО әкімінің экс-бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ісі апелляциялық сотта қаралды, деп хабарлайды ult.kz.

20 мамыр күні ШҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы оның апелляциялық шағымын қарады.

Бұған дейін Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жақсылық Омарды ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтары, 366-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша (алаяқтық және пара алу) кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді. Сондай-ақ оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған.

Апелляциялық шағымды жәбірленуші тарап пен қорғаушылар берген. Олар жаза тым қатаң деп есептеп, үкімді өзгертуге өтініш білдірген.

Алайда сот алқасы бірінші сатыдағы сот шешімін заңды әрі негізді деп тауып, айыпталушының әрекеттері дұрыс сараланғанын мәлімдеді. Сонымен қатар сот сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстың қоғамға тигізетін ауыр зардабын, мемлекеттік билікке деген сенімге нұқсан келтіретінін ескерген.

Нәтижесінде апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, бұған дейін Жақсылық Омар 6 жылға сотталып, оның Toyota Camry көлігі тәркіленгені және өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілгені хабарланған болатын. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін рақымшылық пен мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайтыны айтылған