Жапонияда 48 жастағы ер адам Фудзи тауына екі ұлымен бірге көтеріліп, 7 жастағы баласын жолдағы бақылау бекетінде жалғыз қалдырып кеткен. Ер адам 12 жастағы үлкен ұлымен бірге таудың шыңына қарай көтерілуді жалғастырған. Бұл туралы CNN хабарлады.
Ер адам 7 және 12 жастағы екі баласымен бірге Фудзиномия бағытымен Фудзи тауына көтерілген. Алайда шамамен 3 мың метр биіктікте кіші ұлы шаршағанын айтып, әрі қарай жүре алмайтынын жеткізген.
Сол кезде әкесі баласына бақылау бекетінің жанында күтіп отыруды айтып, өзі үлкен ұлымен бірге шыңға қарай кеткен.
Алайда бақылау бекетінен таудың шыңына дейінгі жолға 5 сағаттан астам уақыт, ал кері түсуге тағы шамамен 2,5 сағат қажет болған.
Таңертең бақылау бекетінің қызметкері орындықта жалғыз отырған баланы байқап, полиция шақырған. Құқық қорғау органдары кейін баланың әкесімен байланысқан.
Әзірге ер адамға қатысты қандай да бір айып тағылатыны белгісіз.
Айта кетейік, Фудзи тауы – Жапониядағы ең биік нүкте. Оның биіктігі 3776 метр. Бұл – Хонсю аралында, Токио қаласынан шамамен 90 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан белсенді стратовулкан.