Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Алматыда журналистермен кездесіп, алдағы маусымға қойған мақсаттары, «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жету арманы және Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Алматыда БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Бұған дейін қазақстандық журналистермен кездесуге үш рет мүмкіндік болмаған спортшы бұл жолы тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Баспасөз мәслихаты алдында әлемдік теннис жұлдызы қаламыздағы теннис орталықтарының бірінде жас теннисшілерге арнап шеберлік сабағын өткізді.
Кездесу барысында Рыбакина алдағы маусымға арналған жоспарлары мен мақсаттары туралы айтты. Ол өткен жетістіктерін сақтап, барлық турнирде тұрақты өнер көрсетуді көздейтінін жеткізді. Сондай-ақ теннисші «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жетуді армандайтынын жасырмады.
«Келесі жылы, әрине, Франция ашық чемпионатында жеңіске жеткім келеді. Бірақ сазды кортта ойнау оңай болмайды, әсіресе менің физикалық ерекшеліктерімді ескерсек. Алдағы маусымдағы басты міндетім – рейтингке қарамай, барлық турнирде тұрақты өнер көрсету. Дайындықты Дубайда бастаймын. Одан кейін Оңтүстік Кореяда көрме турнирі өтеді. Содан соң Брисбенге барып, одан әрі Австралия ашық чемпионатына қатысамын. 2027 жылы қарсыластарым мені жеңуге бар күшін салатыны анық. Оның үстіне, ұпай айырмашылығы аса үлкен емес», – деді Елена Рыбакина.
Қазір 27 жастағы теннисші қысқа мерзімді демалыста. Ертең ол Біріккен Араб Әмірліктеріне аттанып, сол жерде оқу-жаттығу жиындарының алғашқы кезеңіне кіріседі.
Рыбакина Алматы мен Дубайдағы өмірі, бос уақыты және Қазақстанға деген ықыласы туралы да әңгімеледі.
«Өкінішке қарай, бос уақытым аз. Кейде Братиславада жаттығамын. Дубайды өз үйімдей көремін, өйткені уақытымның көп бөлігін сонда өткіземін. Ол жерде достарым да көп. Алматының ауа райы маған ұнайды, мұнда да достарым көп, өзімді жайлы сезінемін. Тағамдардың көбі ұнайды. Бешбармақ пен тәттілерді сүйсініп жеймін. Қазақстанның табиғатын жиі аралағым келеді. Музыкадан, қателеспесем, Назима есімді әншінің шығармашылығы ұнайды. Сондай-ақ ұлттық әуендер орындалып, еліміздің әртүрлі жерлері көрсетілетін бейнероликтерді жақсы көремін», – деді теннисші.
Кездесуде оның алдағы уақытта Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндігі де талқыланды.
«Алда Олимпиада циклі келе жатыр. Ұлттық құрама сапында ойнау мүмкіндіктерін қарастырамыз. Барлығы WTA турнирлерінің күнтізбесіне және денсаулық жағдайыма байланысты болады. Екінші жағынан, басқа да қазақстандық теннисшілерге ойнауға мүмкіндік бергім келеді», – деді Елена Рыбакина.
Айта кетейік, биыл Елена Рыбакина мансабында алғаш рет әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріліп, бір маусымда «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирде – Australian Open және US Open жарыстарында жеңіске жетті.
Бұған дейін ол 2025 жылы WTA қорытынды турнирінің, ал 2022 жылы Уимблдон чемпионатының жеңімпазы атанған.