Жания Джуринская мен Әсел Аскар «Wildberries ханшайымын» жарнамалағаны үшін тексерілуі мүмкін

Жания Джуринская мен Әсел Аскар «Wildberries ханшайымын» жарнамалағаны үшін тексерілуі мүмкін
коллаж Ult.kz

Қазақстанда 35 адамды маркетплейс арқылы мол пайда табуға уәде беріп алдағаны үшін сотталған Алтынай Дидарқызының ісіне қатысты оны жарнамалаған блогерлердің әрекеті де тексерілуі мүмкін. Бұл туралы Kozachkov offside Телеграм арнасында айтылды, деп хабарлайды ult.kz.

Алтынай Дидарқызы 2023 жылы өзін «Wildberries ханшайымы» деп таныстырып, маркетплейстерде сауда жасауды үйрететін курстарын жарнамалай бастаған. Ол әлеуметтік желілердегі танымал инфлюенсерлер арқылы өз бизнесін насихаттап, қымбат көліктерін, элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтерді және ата-анасына үй салып жатқанын көрсеткен.

Осылайша, оның жобасына қызығушылық танытқандар көбейген. Дидарқызы серіктестеріне тауарға 10 миллион теңге салып, оны сатқаннан кейін тағы 5 миллион теңге пайда табуға болатынын уәде еткен.

Жәбірленушілердің бірі жобаға 500 мың теңге салса, енді бірі 50 миллион теңгеге дейін қаражат құйған. Ал бір адам оған 100 миллион теңге сеніп тапсырған.

Кейін кәсіпкер клиенттерден қосымша ақша талап ете бастаған. Бірде АҚШ-тағы тасымалдау компаниясының қызметіне, енді бірде салық айыппұлына немесе бұғатталған есепшотты ашуға қаражат сұраған. Алайда салымшылар нақты сауда мен пайда көрмеген соң, полицияға жүгінген.

Алтынай Дидарқызы тергеу кезінде де, сотта да кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан, сот оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Бірақ кішкентай баласы болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылған.

Судья Бақтияр Ноғаев істі қарау барысында Дидарқызының жобасын жарнамалаған блогерлерге қатысты да жеке қаулы шығарған. Соттың пікірінше, Ішкі істер министрлігі инфлюенсерлердің әлеуметтік желілерде оның бизнесі туралы жалған ақпарат таратуға ықпал еткен-етпегеніне құқықтық баға беруі керек.

Қаулыда, атап айтқанда, Instagram желісінде 2,9 миллион оқырманы бар Жания Джуринская мен 1,4 миллион оқырманы бар Әсел Асқардың әрекеттері аталған.

Алтынай Дидарқызына қатысты үкім заңды күшіне енген. Блогерлердің әрекетіне қатысты қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз.